UFC президенті Дана Уайт америкалық Теренс Кроуфорд (23-1, 9 KO) пен мексикалық Сауль Канело Альварес (63-2-2, 39 KO) арасындағы супер жекпе-жекке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жылдың басты оқиғаларының бірі атануы мүмкін бұл жекпе-жек 13 қыркүйекте АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді.
"Бұл тарихтағы ең үлкен жекпе-жектердің бірі болмақ. Мен үшін оның бір бөлігі болу - үлкен мәртебе. Мен шоу аренасын ұйымдастыру, PR, жарнама және басқа да жұмыстармен айналысамын. Қысқаша айтқанда, UFC Noche турнирі алдында жасаған жұмыстарыммен айналысамын", - деді Уайт ESPN-ге берген сұхбатында.
Айта кетейік, 2025 жылы 3 мамырда Канело Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында кубалық Уильям Скуллмен өткен жекпе-жекте төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
Ал Кроуфорд кейінгі жекпе-жегінде өзбекстандық Исраил Мадримовты (10-2-1, 7 KO) жеңген болатын. Бұл кездесу 2024 жылы тамызда АҚШ-та өткен еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова