Танымал мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес Аргентина құрамасының көшбасшысы Лионель Мессидің Мексиканы жеңгеннен кейін қарсылас команда ойыншысының футболкасымен жерді сүртіп жатқан видеосына ашуланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Месси киім ауыстыратын бөлмеде қуаныштан аяқ астындағы заттарды көрмей қалған да болуы мүмкін. Бірақ Канело мұны байқап қалды.
"Месси туымыз бар футболкамен еден жуып жатқанын көрдіңіз бе? Ол менің қолыма түспес үшін Құдайдан дұға етемін! Мен Аргентинаны қалай құрметтесем, сіз де Мексиканы құрметтеңіз! Мен бұл жағдайда ел (Аргентина) туралы емес, Месси туралы айтып отырмын", - деп жазды Альварес Twitter-де.
Еске салайық, бұған дейін Аргентина құрамасы бірінші турдағы сенсациялық жеңілісінен кейін Мексика құрамасымен ойнап, Катардағы әлем чемпионатында алғашқы үш ұпайын еншілеген еді. С тобының шешуші матчтері 30 қарашада өтеді. Аргентина Польшамен, Мексика Сауд Арабиясымен күш сынасады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!