Жәмилә Бақбергенова Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Отандасымыз шешуші белдесуде серб спортшысы Наталья Стрзалканы жеңді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жүлде үшін өткен бұл белдесуде Жәмила қарсыласын 4:1 есебімен ұтып шықты.
Қазақ қызы әлем чемпионатын 1/8 айналымнан бастап, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Фанни Нагидың (Сербия) жауырынын жерге тигізіп, сосын, ресейлік Ксения Бураковадан айласын асырды (7-1). Алайда жартылай финалда моңғол қызы Даваанасан Энх-Амаринға жол берді. Екі спортшы биыл көктемде Астанадағы Азия чемпионатының жартылай финалында күрескенде, Бақбергенованың мерейі үстем болған еді.
Жәмилә осыған дейін 2 рет әлем чемпионатының финалына шыққан еді. 2019 жылы Ослодан, былтыр Белградтан күміс жүлдемен қайтқан. Ол сары құрлық бəсекесінде 3 мəрте жеңімпаз атанған тұңғыш қазақ балуаны екенін де айта кетейік. Қазір оның еншісінде Азия чемпионатының 5 медалі бар (3 алтын, 1 күміс, 1 қола).
Қазақстандық палуан чемпионаттан кейін Ұлттық құрамамен елге оралып, Қытайда өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарына дайындықты бастайды. Ханчжоу қаласында ол Олимпиада бағдарламасына кіретін 76 кг салмақта бақ сынап, тәжірибелі Эльмира Сыздықованың орнын жоқтатпауға тырысады.
Айта кетейік, Жәмила Қазақстан құрамасының қоржынына үшінші медальды салды. Бұған дейін еркін күрестен Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атанса, Азамат Дәулетбеков қола жүлдегер атанған еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!