- Негізгі бет
- Спорт
- Футбол тарихындағы ең...
Футбол тарихындағы ең ірі трагедиялар
Индонезиядағы стадионда төбелес болып, кем дегенде 174 адам қаза тапты, бұл футбол ареналарында болған қайғылы оқиғалардың бірі.
Қайғылы оқиға «Арема» мен «Персебая» арасындағы матчтан кейін болды. Ойын Маланг қаласындағы «Канджурухан» стадионында өтті. Бұл матч жергілікті дерби болғандықтан, стадион лық толды.
Ойын 3:2 есебімен қонақтардың жеңісімен аяқталды. Финалдық ысқырықтан кейін қауіпсіздік қызметі «Персебая» ойыншыларын алаңнан алып шықты. Алаң иелерінің жанкүйерлері алаңға шығып, олар мен полиция арасында қақтығыс орын алады. Жанкүйерлер қауіпсіздік қызметкерлеріне заттар лақтыра бастайды, жауап ретінде жанкүйерлерге көзден жас ағызатын газ атылады. Бұл жағдайды одан әрі ушықтыра түседі.
Маланг қаласындағы стадионда тәртіпсіздік © AFP
Соның салдарынан газдан қашқан жанкүйерлер құлап, көпшіліктің аяғының астында қалды. Оның үстіне полицейлердің көзден жас ағызатын газ қолдануы салдарынан көптеген көрермендердің тыныс алуы қиындаған.
Бастапқы деректерде қаза тапқандар саны 130-ға жуық болғанымен, Шығыс Ява губернаторының орынбасары Эмиль Дардак кейіннен құрбандар санының айтарлықтай өскенін хабарлады. Қазір 174 адам қаза тапты, тағы 11 адам ауыр жарақат алғаны белгілі болды.
Индонезия президенті Джоко Видодо тергеу аяқталғанша елдегі барлық футбол матчтарын тоқтатуды бұйырды.
Ішкі істер министрі Эмди Махфуд 38 000 орындық стадионда жанкүйерлер 4 мыңға көбірек болғанын айтты.
ФИФА ережелеріне сәйкес, футбол матчтарында жұмыс істейтін қауіпсіздік қызметкерлері тәртіпсіздіктер кезінде жиналғандарды тарату үшін көзден жас ағызатын газды әдетте қолдануға болмайды.
Индонезиядағы қайғылы оқиға тарихтағы ең сорақылардың біріне айналды. Қайтыс болғандар саны бойынша 1964 жылы Перу астанасы Лимадағы апаттан кейін екінші орынға шықты.
Футбол тарихындағы ең ірі трагедиялар
Лимадағы қайғылы оқиға
Ұлттық стадиондағы жанжал немесе Лимадағы қайғылы оқиға (испан. Tragedia del Estadio Nacional del Perú) 1964 жылы 24 мамырда Перу астанасы Лимада Перу мен Аргентина құрамалары арасындағы матчтың соңында болды.
Матчтың соңғы минуттарында Аргентина құрамасының қақпасына соққан голды алдымен санап, сосын жоққа шығарған төрешінің әрекеті стадионда екі ел жанкүйерлері арасындағы тәртіпсіздік орнатты. Оған полиция араласып жанжал одан сайын ушыға түскен. Нәтижесінде 328 адам қаза тауып, 4000-ға жуық адам жарақат алды. Бұл футбол тарихындағы стадионда қаза тапқандар санының ең үлкені.
«Лужники» стадионындағы қайғылы оқиға
КСРО жасырған апат: "Лужники" стадионындағы қайғылы оқиға
1982 жылы 20 қазанда УЕФА Кубогының 16\1 матчында Мәскеудің "Спартак" командасы мен Нидерландының "Харлем" командалары «Лужники» стадионында кездесті. Сол кезде ауа райы суық болып стадионға 23 мың (ресми 16 мың) адам жиналады.
«Спартак» 16-минутта алға шықты және ойын соңына дейін гол соғылмай сүреңсіз ойын жүріп жатты. Ойын аяқталуына екі минут қалғанда бұдан кейін гол соғылмайтынына сенімді болған, сондай-ақ суық ауа райында тоңған жанкүйерлер стадионнан асығыс шыға бастайды. Ойын барысында жасөспірім жанкүйерлермен қақтығыс туындамасын деп (себебі Нидерландыдан жүздеген жанкүйер келген болатын) полиция қызметкерлері жиналғандарды бақылау үшін төрт шығу есігінің біреуін ғана ашады.
Сатыдан түсіп келе жатқан бір қыз сүрініп құлаған соң, алдыңғылар оған көмектесу үшін тоқтайды, бірақ арт жақтан келе жатқан, жағдайды білмеген қалың жұрт тоқтамайды. Соның салдарынан бойжеткен нөпір аяғының астында тапталып қалады. Осыдан кейін тізбекті реакция басталады, артқы жақтан келе жатқан адамдар бір-бірін итере бастайды, толқынға шыдамаған адамдар сүрініп, жерге құлай береді, осылайша құрбандар саны артады.
Соның салдарынан 66 "Спартак" жанкүйері қаза тапты, олардың көпшілігі 14-19 жас аралығындағы жасөспірімдер еді.
«Эйзель» трагедиясы
Чемпиондар Лигасы: "Эйзель" трагедиясы
1985 жылы ешкім күтпегенде Чемпиондар Лигасының финалына туриндік «Ювентус» пен ағылшынның «Ливерпуль» командасы шығады. Бұл матч екеуіне де маңызды еді. Себебі, Ливерпуль сол кезде ішкі лигда жетінші орында келе жатса, туриндіктер ЧЛ басталған кезде Наполиден 0:4 есебімен ұтылып қалады.
Платини: «Алда 19 кездесу бар, бәрін реттейміз» деп жанкүйерлерге уәде берген болатын. Финал соны дәлелдеудің уақыты еді.
Ойын басталмай жатып-ақ екі жанкүйерлер арасында кішігірім қақтығыстар орын алды. Бір топ бұзақылар әшекейлер дүкенінің терезесін сындырып ішіндегі 10 миллион франкқа жуық қымбат бұйымдарды ұрлап кетті. Оларға ешқандай полияция өкілі кедергі келтірмеген. Ойын кезіндегі екі команда жанкүйерлерінің қақтығысын болдырмау үшін олардың арасындағы трибунаға жергілікті көрермендерді орналастырады. Бірақ сол аймаққа имгрант италиялықтар яғни "Ювентус" жанкүйерлері де кіріп кетеді. Ойын басталуына аз уақыт қалғанда ливерпульдік жанкүйерлер де осы сектордан табылады.
Бұдан бөлек осы секторға жалғасып кеткен Х, Z және Y секторлары да арзан болып, отыратын орындықтар жоқ болатын. Табиғи түрде ағылшын жанкүйерлерімен лық толды. Ойын басталуына 45 миинут қалғанда екі жақ жанкүйерлері қауіпсіздік үшін қойылған секторлар арасындағы ағаштарды сындырып, нәтижесінде екі сектор арасындағы жергілікті көрермендер отырған аймақ төбелес майданына айналады.
Қайғылы оқиға нәтижесінде 39 адам қайтыс болды. Олардың 32-сі италиялық, 4-еуі бельгиялық, 2-еуі француз және 1-еуі ирландия азаматы еді. 600 көрермен түрлі дене жарақатын алды. Бұл оқиға «Эйзель» трагедиясы деген атпен тарихта қалды.
«Хиллсборо» оқиғасы
1989 жылы 15 сәуірде Шеффилдтегі «Хиллсборо» стадионында Англия Кубогының жартылай финалындағы «Ноттингем Форест» пен «Ливерпуль» клубтары арасындағы матч өтті. Жалпы ойынға «Ливерпуль» жанкүйерлері өте көп келетін. Сол уақытта «Леппингз Лейн» трубунасы ондай жанкүйерлерді сыйдыруға қауқарлы емес еді. Соның алдында матчты басқа стадионға ауыстыру сұралған, бірақ бұл өтінішті Футбол қауымдастығы қабылдамады.
Кешігіп келген жанкүйерлер «Леппингз Лейн» трибунасына жіберіледі. Ол онсызда лық толы болатын. Сондықтан, қосымша келген жанкүйерлер салдарынан алдыңғы қатарда тұрғандар, темір қоршауғаа қысылып, адамдар тұншыға бастады.
Қайғылы оқиға орнында 82 адам қайтыс болды, сол күні тағы 14 адам ауруханаларда, 14 жастағы Ли Николь 4 жылдан кейін, 1993 жылы 3 наурызда ауруханада қайтыс болды. 22 жастағы Тони Бланд жасанды тыныс алу аппаратына тәуелді болып мүгедек болып қалды. Дәрігерлер оның 5 жылдан артық өмір сүрмейтінін айтқан соң, анасы оны аппараттан үзуді мақұлдайды. Сөйтіп ол қайғылы оқиғаның 96-шы құрбаны атанады. Одан бөлек 700-ден астам адам жарақат алды. Стадионда комаға түскен тағы бір құрбан – Эндрю Девин (қайғылы оқиға кезінде 22 жаста) 1997 жылы наурызда оның комадан айығып, сенсорлық тақтаны пайдаланып, «иә» немесе «жоқ» деп жауап бере алатындығы туралы хабарланды. 2021 жылы 29 шілдеде қайтыс болды.
«Ливерпульдің» болашақ капитаны Стивен Джеррардтың немере ағасы, 10 жасар Джон-Пол Гилхули де төбелес кезінде қаза тауып, қайғылы оқиғаның ең жас құрбаны болды. Қайғылы оқиғадан кейінгі алғашқы 10 жыл ішінде төбелестен аман қалғандардың үшеуі өз-өзіне қол жұмсаса, тағы біреуі психиатриялық ауруханада 8 жылын өткізді.
«Маракана» моласы
Футбол тарихы: "Маракана моласы"
Футбол тарихындағы қайғылы оқиғалардың бірі деп «Маракано моласы» деп аталады.
1950 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстан соң футболдан әлем чемпионаты Бразилияда өткізіледі. Оған көп ел қатыса алмайды. Бразилия өзінің тарихтағы алғашқы чемпиондығына соншалықты қатты сенген еді. Міне, сол үшін де арнайы ӘЧ-1950 жылға арнап "Маракана" стадионын салдырған. Алаңға 195 мың көрермен сиятын.
Турнир әдеттегіден тыс ұйымдастырылды. Бірінші һәм соңғы рет әлем чемпионаты тарихында финал болмады. Мұның орнына 4 команда финалға шығып өзара ойындар есебінде ең көп ұпай жинаған команда чемпион болатын. Бразилия Швецияны 7:1, Испанияны 6:1 доп айырмашылығымен ұтады. Бұл ойындардан соң Уругвайға қарсы соңғы тур жай ғана жолдастық кездесудей көрінген еді. Бразилияның чемпион болуына бір-ақ қадам жетпей тұрғандай көрінетін. Ал, Уругвай болса өз ойындарын біраз сыпайылықпен өткізіп – Испаниямен тең ойынға келісіп, Швецияны 3:2 есебімен жеңді. Бразилия мен Уругвай ортасындағы ойын финал атын иеленді.
Бірақ ойында 2:1 есебімен Уругвай жеңіп кетеді. Уругвай екінші голды соғып, ойын аяқталғаны туралы төрешінің ысқырығы естілгенде «Мараканада» моладағыдай тыныштық салтанат құрады. Екі адам өзін жоғарыдан тастап жіберіп қайтыс болады. 200-ден артық жанкүйердің жүйкесі сыр беріп ауруханаға түседі. Бүкіл мемлекетте суцид жасау көбейді. 300-ден артық адам ары қарай өміп сүруден мән таппады.
Бұл жеңіліс Бразилия футбол тарихында «Мараканосо» деген атпен қалды. Португаль тілінен аударғанда бұл сөз «Маракана апаты» деген мағынаны береді. Осы ойыннан соң Бразилия ақ түсті қасиетсіз санап сары түске өтті. Уругвай екінші чемпиондығын бір ай тойлады. Қазіргі күнде де 16 маусым ұлттық мереке есебінде тойланады.
Т. Раушанұлы