Англия өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионаты финалына шықты

Англия өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионаты финалына шықты
Фото: Reuters©

Футболдан Еуропа чемпионатының жартылай финалында Англия құрамасы экстра-таймда Данияны ұтып, финалға шықты. Ағылшындар өз тарихында алғаш рет басты ойында бақ сынайды.

"Уэмбли" стадионындағы ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Матчтағы екі гол да бірінші таймда соғылды. 30 минутта Миккель Дамсгард айып добын тамаша орындап, Англия құрамасы қақпасына доп тоғытты. Пикфорд қорғаған қақпаға осы жарыста алғаш рет гол соғылды.

Англия құрамасы бірінші тайм аяқталғанға дейін есепті теңестіре білді. 39 минутта Букайо Сака асырған допты Симон Кьер өз қақпасына енгізіп алды.

Екінші таймда командалар есепті өзгерте алған жоқ. Англия құрамасы шабуылды үдеткенмен, Каспер Шмейхель қақпасына доп өткізген жоқ.

Ағылшындар өз дегеніне экстра-таймда жетті. Айып алаңында Рахим Стерлингке қарсы ереже бұзылып, бас төреші Дэнни Маккели пенальти белгіледі. Харри Кейн тепкен допты Каспер Шмейхель қайтарғанмен, қарымта соққыда шабуылшы гол соғып кетті. Бұл гол Англия құрамасын финалға алып шықты.

Еуропа чемпионатының финалы 11 шілдеден 12 шілдеге қараған түні дәл осы "Уэмбли" стадионында өтеді. Ағылшындар Италия құрамасымен кездеседі.  

Н. Үсенова