Бельгияны ұтқан Италия жартылай финалға өтті  

Бельгияны ұтқан Италия жартылай финалға өтті   
Фото: Reuters©

Футболдан Италия ұлттық құрамасы ширек финалда Бельгияны ұтып, жартылай финалға шықты. Мюнхенде өткен кездесуде "скуадра адзурра" 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Италия бірінші голын 14 минутта соққан. Алайда VAR жүйесін қаралғаннан кейін Бонуччидің добы есепке алынбады. 31 минутта Николо Барелла Марко Вератти берген пасты ұтымды пайдаланып командасын алға шығарды.

44 минутта Лоренцо Инсинье есепті еселеді. Оның шиіре тепкен добын Тибо Куртуа қайтара алмады.

Араға бірер минут сала Италия қақпасына пенальти белгіленді. 11 метрлік айып соққысынан Ромелу Лукаку гол соқты.

Ойындағы голдардың бәрі бірінші таймда соғылды. Екінші таймда командалар таблодағы нәтижені өзгерте алған жоқ.

Италия жартылай финалда Испаниямен ойнайды. "Қызыл фурия" осының алдында Швейцарияны жарыс жолынан шығарған болатын.  

Н. Үсенова