Ширек финалдың соңғы жолдамасын Украина құрамасы еншіледі

Ширек финалдың соңғы жолдамасын Украина құрамасы еншіледі

Футболдан Еуропа чемпионатының 1/8 финалындағы ойындар аяқталып, ширек финалға шыққан құрамалар анықталды. Соңғы жолдаманы Швецияны ұтқан Украина құрамасы еншіледі.

Глазгода өткен кездесу тағдыры экстра-таймда шешілді. Негізгі уақытта командалар 1:1 есебімен тең ойнады. Екі гол да бірінші таймда соғылды.

27 минутта Александр Зинченко гол соғып, украиндарды алға шығарды. Алайда бірінші тайм аяқталар тұста шведтер таразы басын теңестірді. Эмиль Форсберг осы Еуропа чемпионатындағы 4-ші голын соқты.

Екінші таймда командалар гол соғатын бірнеше мүмкіндік болды. Әсіресе Форсберг тепкен доп бірде қақпа бағанына, бірде қақпа маңдайшасына тиді. Ал экстра-таймда швед ойыншысы Даниэльсон қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Украина құрамасына жеңіс сыйлаған голды экстра-таймның аяқталуына бірер минут қалғанда Артем Добвик соқты. Осылайша Андрей Шевченко шәкірттері ширек финалға шықты. Онда Англия құрамасымен кездеседі.

Ширек финалдағы ойындар кестесі:

Швейцария – Испания –  "Газпром Арена" (Санкт-Петербург) 2 шілде
Бельгия - Италия – "Альянц-Арена" (Мюнхен, Германия) 2 шілде
Чехия - Дания – Олимпийский (Баку, Әзербайджан) 3 шілде
Англия - Украина – (Олимпико (Рим, Италия) 3 шілде

 

Н. Үсенова