Бүгін қандай ойындар өтеді?

Бүгін қандай ойындар өтеді?

Бүгін футболдан Еуропа чемпионатының "D" және "С" тобындағы ойындар өтеді. Сондай-ақ "Массагет" порталының Huawei Device Қазақстан компаниясы қолдауымен бастаған "Болжамдар бәйгесі" жалғасын табады.

Англия – Хорватия

Екі құрама арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат  19:00-де басталады. "D" тобындағы бірінші кездесу Лондонда өтеді. Бас төреші – италиялық Даниэле Орсато.

Англия Түркиядан кейінгі ең жас құрама. 2018 жылғы әлем чемпионатынан кейін Гарет Саутгейт команда қатарын жас ойыншылармен толықтырды. Мундиальдағы жартылай финалда Хорватияға жол бергендер қатарынан 8 ойыншы ғана бар. Шақпақ жейделі құрамаға қарсы құраманың тәжірибелі ойыншылары Магуайр мен Хендерсон толық қатыспауы да мүмкін.

Хорватия құрамасында буын алмасу кезеңі десек болады. Субашич, Манджукич, Ракитич және Стринич ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады. Деян Ловрен жарақатына байланысты жарыстан тыс қалды. Есесіне 36 жастағы Лука Модрич бар. Жанкүйерлер "Реал" хавбегі командасын алға сүйрейді деп сенеді.

Құрамалардың алаңға шығуы мүмкін негізгі құрамы:

Англия: Пикфорд – Уокер, Стоунз, Уайт – Джеймс, Маунт, Райс, Чилуэлл – Фоден, Кейн, Стерлинг

Хорватия: Ливакович – Врсалько, Чалета-Цар, Вида, Баришич – Брозович, Модрич – Перишич, Влашич, Ребич – Крамарич

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Австрия – Солтүстік Македония

Ойын Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат 22:00-де басталады. "С" тобындағы бұл кездесу Бухаресте өтеді. Бас төреші – швед Андреас Экберг.

Бұл ойында Австрия құрамасы фаворит саналып отыр. Сенім артар ойыншыларының бірі – Марсель Забитцер. Хавбек жоқ жерден қауіпті шабуыл жасау мен сәтті аяқтаудың хас шебері.

Өзара өткен екі ойында да Австрия құрамасы жеңіске жеткен.

Солтүстік Македонияның финалдық кезеңге шығуының өзі – үлкен жетістік. Олар топтан шыға алмаса да, кінәлайтындар көп.

Еуропа чемпионатына дайындығын пысықтау мақсатында Солтүстік Македония Қазақстан құрамасымен жолдастық кездесу өткізген болатын. Ол ойында олар 4:0 есебімен жеңіске жетті.

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Нидерланд – Украина

"С" тобындағы екінші ойын осы екі құрама арасында өтеді. Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Бас төреші – неміс Феликс Брых.

Нидерланд және Украина құрамалары арасындағы ойын тартысты өтеді деп күтілуде. Екі құрама да іріктеу кезеңі мен одан кейінгі жолдастық ойындарда сәтті өнер көрсетті. Енді Еуропа чемпионатында кім мықтыны анықтайтын уақыт жетті.

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.

Айта кетейік, Еуропа чемпионатына орай сайтымыздың "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан жеңімпаз Huawei Device Қазақстан компаниясы ұсынған Huawei P Smart 2021 смартфонымен марапатталады. Технологиялық смартфон батареясының қуаты 5000 мА-сағат және 22.5 Вт жылдам қуаттау функциясы бар. 

Жүлдегер атанған өзге де қатысушылар сыйлықтан құр қалмайды. Белсенді шуды болдырмайтын Huawei FreeBuds 4i сымсыз құлаққабы мен Huawei Band 6 FullView дисплейімен жасақталған, қуаты 2 аптаға жететін, SPO2 тұрақты бақылауы бар фитнес-браслет Сіздерді күтетін болады. 

4-5 орын алған қатысушылар сайт атынан естелік сыйлықтарға ие болады.

"Болжамдар бәйгесіне" қатысу үшін сайтқа тіркеліп, болжам қалдырсаңыз болғаны. Қатысу мен ережелеріне қатысты сұрақтар осы сілтемеде. Сәттілік тілейміз!

Н. Үсенова