Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина карьерасында тұңғыш рет WTA рейтингісінде топ-10 теннисшінің қатарына енді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Sport-қа сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші Мельбурнде өтіп жатқан Australian Open жартылай финалында Беларусь өкілі Виктория Азаренконы жеңгеннен кейін Live-рейтингіде 10-орынға көтерілді.
Рыбакина Үлкен дулыға турнирінің финалында 1 300 ұпай жинады, қазіргі ұпайы 2 815 болды. Ол Австралиядағы турнирге дейін 25-орында тұрды, ал карьерасындағы ең үздік нәтижесі 12-орын болды.
Енді теннисші Australian Open турнирінің финалында жеңсе, тағы 700 ұпай жинайды. Осылайша, Рыбакина 3 515 ұпаймен жеке рекордын жаңартып, 8-орынға көтеріледі.
Рыбакина турнирдің финалында Польша теннисшісі Магда Линетт және Беларусь спортшысы Арина Соболенко арасындағы матчтың жеңімпазымен ойнайды. Матч 28 қаңтарға жоспарланған.
Еске салайық, бүгін, 26 қаңтарда Елена Рыбакина Australian Open – 2023 турнирінің финалына шықты. Спортшы 2022 жылы Уимблдонда тарихи жеңіске жетті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!