Елена Рыбакина: Енді АҚШ-тағы турнирлерге дайындалуым керек

Елена Рыбакина: Енді АҚШ-тағы турнирлерге дайындалуым керек
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстанның бірінші, әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина өзінің Уимблдондағы ойынына баға берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.

Турнирдің баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, қазақстандық теннисші тунистік Онс Жабермен ширек финалдағы матчтың қиын болғанын айтты.

"Ойын ауыр болғанымен, мен мұнда тамаша екі апта өткіздім. Маған жанкүйерлердің қарсыласымды көбірек қолдағаны әсер ете қойған жоқ. Мен оған назар аудармадым. Былтырғы финалмен салыстырғанда, ол сәттірек ойнады. Өзімде де, әсіресе, екінші сетте көптеген мүмкіндіктер болды. Алайда менің басты қаруым саналатын доп берудегі дәлдігім жетіспеді. Есесіне ол шешуші сәттерде өте дәл ойнай білді. Жарысқа чемпион ретінде келу мен үшін жаңаша болды. Мен алғашқы матчтарымды табысты өткізгеніме мақтанамын, өйткені солардың өзі оңайға түскен жоқ. Әр ойын сайын күшті бола түстім. Енді Америкадағы турнирлер алдында жұмыс істеуім керек. Осы екі аптадан жақсы тәжірибе жинадым. Биыл ата-анамның осында келе алғанына қуаныштымын. Кішкене демалып, сосын дайындыққа кірісемін деп үміттенемін", - деді Рыбакина.

Биыл төртінші "Үлкен дулыға" турнирі – АҚШ ашық чемпионаты 28 тамыз – 10 қыркүйек аралығында өтеді.

Еске салайық, бұған дейін Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің ширек финалында әлемнің алтыншы ракеткасы, Тунис өкілі Онс Жаберден жеңілген еді. Осылайша, қазақстандық теннисші былтырғы чемпион атағын қорғай алмады.

Ал Онс Жабер жартылай финалдық матчта әлемнің екінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңіп, турнирдің финалына жолдама алды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан