Басы үшін ең көп сыйақы тігілген 5 қылмыскер

Адамзат зұлымдыққа, әсіресе халықаралық қылмысқа қарсы күресте әртүрлі әдістерді қолданады. Дәл ақпарат бұл процесте өте маңызды және шетелдердегі іздеуде жүрген адамдар туралы сенімді ақпарат үшін үлкен сома ұсынады. Әзірге рекорд 50 миллион долларды құрап отыр.

© pikabu

Хоакин Гусман Лоэра, наркобарон, 5 миллион доллар + 3,8 миллион доллар

Бүкіл әлемге тараған "Синалоа" есірткі картельінің жетекшісі, мексикалық наркобарон Хоакин Гусманды көптеген елдердің арнайы қызметтері, әсіресе АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы белсенді түрде іздестірді. Америка үкіметі Эль Чапо (Қортық) лақап аты бар қылмыскердің басы үшін 5 миллион доллар уәде етті. Бірақ патшадай өмір сүріп, қауіпсіздігі үшін ақшасын аямаған Гусманды ұстау көпке дейін мүмкін болмады.

1993 жылы ол ұсталып, 20 жылға сотталды. Бірақ ол 2001 жылы түрмеден қашып кетті. Осыдан кейін Мексика үкіметі АҚШ уәде еткен 5 миллионмен бірге 60 миллион песо (3,8 миллион доллар) көлемінде сыйақы тағайындады.

2014 жылы ол қайтадан ұсталып, қамалды. Сыйлықты біреудің алған-алмағаны белгісіз. Дегенмен, картель жұмысын жалғастырды. Түрмеге түскеннен кейін көп ұзамай, 2015 жылы ол тағы да қашып үлгеріп, әлемді дүр сілкіндірді. Өйткені ол қатаң режимді түрменің астынан тереңдігі 20 метр, ұзындығы 1,5 шақырым болатын туннел қазып, мотоциклмен қашып кеткен.

2016 жылы қайтадан тұтқынға алынған Эль Чапо 2017 жылы Америка Құрама Штаттарына экстрадицияланып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу құқығынан айрылып, өмір бойына қамалды. 12 миллиард доллардың мүлкі тәркіленді. Гусман қамауға алынғаннан кейін Мексикада қылмыстық топ арасында қақтығыс орын алып, тек "Синалоада" бірнеше айдың ішінде 764 кісі өлді.

© islamnews

Айман әл-Завахири, халықаралық террорист, 25 миллион доллар

Адамдардың көпшілігі "Әл-Қаида" дегенде Усама бен Ладенді елестетеді. Бірақ мұндай ірі ұйымдарды бір адам басқара алмайтыны, идеологиялық-ұйымдастырушылық жағынан бірнеше жетекші тұлғалар қажет екені белгілі. Айман әл-Завахири ұзақ уақыт бойы бен Ладеннің көлеңкесінде қалғанымен, ол қозғалыстың нағыз көшбасшыларының бірі, Бен Ладеннің негізгі кеңесшісі және жеке дәрігері болды.

2001 жылы АҚШ-тағы терактілерден кейін, соның ішінде Нью-Йорктегі егіз ғимараттардағы жарылыстан кейін оның есімі атала бастады. Сол кездің өзінде Завахири осы әрекеттердің артында тұрғандар қатарына қосылып, оны белсенді түрде іздестіру басталды. 2011 жылы Усама бен Ладен жойылғаннан кейін Завахири "Әл-Қаиданың" нағыз жетекшісі атанды.

Ұйымның мәртебесі айтарлықтай төмендеп, көптеген жерлерден ығыстырылғанымен, Айман әл-Завахири әлі қолға түскен жоқ.

© dw.com

Абу Бакр әл-Бағдади, халықаралық террорист, 25 миллион доллар

ДАИШ басшысы белгілі бір уақыт ішінде өзі құрған елде өзін халифа деп жариялады. 2011 жылы АҚШ Мемлекеттік департаменті ол туралы сенімді ақпарат үшін 10 миллион доллар уәде еткен болса, 2017 жылы бұл сан 25 миллион долларға дейін өсті. Ол құрып, басқарған "Ирак және Левант Ислам мемлекеті" ұйымының ғұмыры қысқа болғанымен, ол қатыгездік пен үстемдіктің ордасы ретінде тарихта қалды.

2004-2014 жылдары әл-Бағдади басқарған Ирак пен Сириядағы қозғалыс бастапқыда Әл-Қаиданың бір бөлігі ретінде қарастырылды. Бірақ ұйым ішіндегі қақтығыстарға байланысты әл-Бағдади өз қозғалысын құрып, кейінірек Әл-Қаиданың өзімен ашық соғысқа шықты.

2014 жылы ДАИШ Ирактың үлкен қаласы Мосулды басып алды. Ирак, Сирия, Ливия сияқты елдердің негізінен шөлді аймақтарын алып жатқан қозғалыстың атауы "Ислам мемлекеті" болып өзгертілді. "Халифа Ибраһим" деген атпен белгілі әл-Бағдади іздеуде жүргендердің біріне айналды.

Оның қайтыс болғаны туралы көптеген хабарлар таралды. 2019 жылы Бағдади АҚШ-тың арнайы күштерінің қуғын-сүргінінен қашып бара жатып, балаларымен бірге өзін-өзі жарып жіберді.

© biografii.net

Пабло Эскобар, наркобарон-террорист, 2,7 миллионнан 100 миллион долларға дейін

Әлемдегі есірткі саудасының 80 пайызы бір адамның бақылауында екенін елестету қиын. Бірақ Колумбияның Медельин есірткі картельінің жетекшісі Пабло Эскобар 1980-ші жылдары дәл осыған қол жеткізді.

Өзінің қысқа ғұмырында Эскобар елдің қаһарманы және нөмірі бірінші қылмыскер, ең көп іздеуде болған және оған қарсы ең көп қастандық жасалған адамға айналды. Колумбияның түкпір-түкпірінде зәулім үйлер мен баспаналар салған, үкіметтің барлық деңгейінен адамдарды сатып алған Пабло Эскобар оған қарсы кез келген қозғалыс туралы хабардар болды және соған сәйкес тез әрекет етті. Оның үстіне кедейлерге ұдайы ақша үлестіретінінің арқасында атақ-даңққа ие болып, кез келген қауіп-қатерді халықтың өзі хабардар етті.

Колумбия оны ұстап алып, АҚШ-қа тапсыру туралы құжатқа қол қойғанын естіген Эскобар жынданып, мыңдаған адамдарды қаруландырып, мемлекеттік қызметкерлерді бірінен соң бірі өлтіре бастайды. Бұл оны тек наркобарон ретінде ғана емес, террорист ретінде де танымал етеді. Өлім саны артып, жағдайдың күрделене түскені сонша, үкімет наркобаронмен ымыраға келуге мәжбүр болады. Мәміленің бір бөлігі ретінде ол белгілі бір айыптар бойынша кінәсін мойындап, өзі салған түрмеге жіберіледі. Бірақ бұл жерді түрме емес, Эскобар қалаған адамын шақырып, мерекелер, концерттер ұйымдастырып, қалаған кезде шыға алатын, ең бастысы патшадай өмір сүретін сарай еді.

Мұнда ол өзінің есірткі империясын толығымен басқарды және миллиардтаған ақша оған ағылып жатты. Сол кезде оның байлығы 30 миллиард АҚШ долларына жеткен. Басқа адамдарды "La Catedral" түрмесіне әкеп, қатты азаптап өлтірілгені туралы хабар үкіметті алаңдатып, олар Эскобарды нағыз түрмеге ауыстыруды шешеді. Пабло қашып кетіп, бүкіл елде жарылыс ұйымдастырады.

Әсіресе, бала-шағаға толы алаңды, жолаушылар ұшағын жарып жібергені көпшіліктің ашуын келтіріп, тіпті сенімді адамдары да одан бас тартады. Оның жауларының көбейгені сонша, Эскобарды ұстау және өлтіру үшін арнайы ресми және бейресми топтар құрылады.

1993 жылы 2 желтоқсанда Эскобардың жасырынған жері табылып, қоршауға алынды. Өзі мен оққағарларының қарсылығына қарамастан, Эскобар оққа ұшады.

© euronews.com

Усама бен Ладен, халықаралық террорист, 50 миллион доллар

Усама бен Ладеннің есімі терроризмнің символына айналды. Оның арқасында 20 жылға созылған соғыс басталып, бен Ладен ұйымдастырған лаңкестік әрекеттер бүкіл әлемнің қоғамдық пікірін дүр сілкіндірді.

Бен Ладеннің тұрған жері туралы ақпарат үшін 25 миллион доллар сыйақы белгіленді, ал кейін АҚШ Сенаты сыйақыны 50 миллион долларға көтеруге ұсыныс білдірді. Бірақ көптеген операцияларға қарамастан нөмірі бірінші террорист аман қалып отырды.

1979 жылы Кеңес әскерлері Ауғанстанға кіргеннен кейін Усама өмірлік ұстанымын өзгертіп, өзін моджахед деп жариялап, бар қаражаты мен күшін жаулармен күреске жұмсады. КСРО Ауғанстаннан еш нәтижеге қол жеткізбей шығарылғаннан кейін АҚШ-ты өзінің басты жауы ретінде көріп, Кения мен Танзаниядағы елшіліктерін бомбалады. Дүние жүзіндегі жарылыстар мен лаңкестік ұйымдарды қаржыландыруды жалғастыра отырып, ол әлемді дүр сілкіндірген 11 қыркүйектегі лаңкестік әрекеттерді жүзеге асырды.

Оған қарсы АҚШ-тың үш президенті күресті: Клинтон кезінде басталған бен Ладенді іздеу Буш тұсында соғысқа айналып, тек Обаманың президенттігі тұсында аяқталды. 2011 жылы 2 мамырда "Нептун найзасы" операциясы кезінде Усама бен Ладен ақыры өлтірілді.