АҚШ-Куба соғысының аяқталғанына – 60 жыл

АҚШ-Куба соғысының аяқталғанына – 60 жыл

Көптеген жыл бойы Куба Америка Құрама Штаттарына қант құрағын жеткізіп отырды. 1959 жылғы революциядан кейін Фидель Кастро билікке келген кезде америкалық байлардың қолынан 400 гектарға жуық жерді тартып алып, оны кедей шаруаларға таратты. Негізінен АҚШ қалталыларына тәуелді ондаған кәсіпорындар мен банктер де мемлекет меншігіне өтті. 1960 жылға қарай АҚШ жауап ретінде Кубамен саяси және сауда байланыстарын толығымен үзді.

Алайда бұл қысым Кубаны қорқыта алмады. Кастро КСРО-дан көмек сұрады. 1960 жылы ақпанда бұрынғы Кеңес Одағы басшыларының бірі Микоян Кубаның Гавана қаласына келді және кеңес-кубалық сауда келісімін жасасты. Келісім бойынша КСРО Кубадан қант құрағын сатып алып, орнына мұнай және мұнай өнімдерін, 100 миллион доллар несие беретін болып келісті.

Микоян мен Кастроның кездесуі

АҚШ-тың президенті Эйзенхауэр кубалықтарға қарсы ойластырылған экономикалық рецессия жүзеге аспағаннан кейін, Кастро үкіметін құлатуға дайындала бастады. Ол Куба революциясына байланысты Флоридаға қоныстанған кубалық иммигранттардың қолдауына сенді. Оларды дайындау үшін орталық барлау басқармасы (ЦРУ) 13 миллион доллар бөлді.

Жалған уәде

Куба үкіметін құлату әрекеттері жаңа басталған кезде, АҚШ-та президент ауысты. Жаңа президент Джон Кеннеди Кубаға қарсы жоспарды мақұлдады. Майамиде тұратын кубалық иммигранттар "Куба Революциялық Кеңесі" деп аталатын үкімет құрды. Алайда, олардың мұндай ашық болғаны жаңа президентке ұнамады. Кеннеди тәуелсіз мемлекетке қарсы қоғамдық шабуыл көптеген мемлекетке, соның ішінде КСРО-ға ұнамауы мүмкін деп есептеді. Кубаға шабуыл жасау жоспары 1961 жылы 4 сәуірде дайын болды.

Операция басталардан бірнеше күн бұрын Кеннеди баспасөз конференциясында АҚШ әскери күштері ешқандай жағдайда Кубаға шабуыл жасамайтынын мәлімдеді. Бірақ әскерлер Никарагуадағы, Гватемаладағы және АҚШ-тағы әскери лагерлерде тіпті Кубаның өзінде шабуылға дайындалып жатты. Алайда Кубаның қауіпсіздік қызметі Кубадағы АҚШ-қа тиесілі "Бесінші колонна" басшыларын тұтқындады.

Америкалықтар Сан-Романға шабуыл сәтсіз аяқталған кезде кубалық иммигранттардан құралған әскери қолбасшы Хосе Альфредоға көмек ретінде теңіз жаяу әскерлерін жіберуге уәде берген болатын. 1961 жылы сәуірде Кубада тек 24 әскери ұшақ болған. 15 сәуірде Американың сегіз ұшағы Кубаның аэродромына бомба тастады. Алайда бұл кезде кубалықтар өздерінің ұшақтарын қауіпсіз жерге жасырып қойған болатын. Екі ұшақ қана жарылды. Кубалықтар да қарап қалмай АҚШ-тың 2 ұшағын атып түсірді.

Шабуыл және жеңіліс

Кубалық эммигранттардан құралған жауынгерлер 16 сәуірге қараған түні Оренте провинциясының жағалауына екі рет шабуыл жасады, бірақ барлық әрекеті нәтижесіз болды. 17 сәуірге қараған түні АҚШ жауынгерлері Кохинос бұғазынан өтеді. Алайда жүз адамнан тұратын халықтық милиция жауынгерлері оларға қатал қарсылық көрсетті. Осындай әрекеттерден соң АҚШ әскерлері Куба үкіметін "бір деммен" басып ала алмады.

Куба үкімет әскерлері кубалық эммигранттардан құралған жауынгерлерді жағалаудағы аудандардың біріне қысып, артиллерия мен танктерден оқ атуға кірісті. АҚШ ұшқыштары Кастро армиясына қарсы аспанға көтерілді. Бірақ олар зенит оғының астында қалды. Нәтижесінде екі ұшақ атып түсірілді.

1961 жылы 19 сәуірде америкалықтардың шабуыл жоспары толығымен орындалмады. Шабуылдан ОББ-ның 120 қызметкері мен кубалық эммигранттар қаза тапты. 1200 адам тұтқынға алынып, 4 десантшы суға батып кетті. АҚШ-тың 12 ұшағы, 10 танкісі және 20 бронды техникасы істен шықты. Кубалықтар 156 жауынгерінен, 2 ұшағынан және 1 танкісінен айырылды.

Қысқа ұрыстан кейін қате жоспар құрған ОББ-ның (ЦРУ) директоры қызметінен кетті.

АҚШ әскери күштерінің кенеттен жеңілуі халықаралық аренада үлкен қайшылықтар туғызды. БҰҰ отырысында 40 елдің өкілдері АҚШ-тың бейбіт Кубаға қарсы қанды соғысын айыптады. Кейбір елдерде наразылық білдірушілер Америка елшіліктерін қоршауға алды. Куба үкіметі келтірілген шығынды 53 миллион долларға бағалады. Келесі жылы АҚШ үкіметі тұтқындарды қайтару үшін 53 миллион доллар дәрі-дәрмек пен азық-түлік берді.

Осылайша АҚШ-тың Фидель Кастроны жою жоспары орындалмады.

Т. Раушанұлы