Қазақ клубтарының маскоттары қандай?

Қазақ клубтарының маскоттары қандай?
Фото: fckairat.com

Маскот пен футбол – егіз ұғым. Алғашқы маскоттар футболдың отаны Англияда пайда болған. Қазір де тұманды Альбионда маскоты жоқ клубты кездестіре алмайсыз. 

Алдымен, маскоттың қысқаша тарихына көз жүгірте кетейік. Ағылшын тілінен аударғанда "сәттілік әкелетін зат, жануар не адам" деген мағынаны береді. Бүгінгі таңда маскот тек спортта ғана емес, кез келген салада өзінің брендін қалыптастыру үшін қолданылып жүр. 

Маскот – маркетингтің бір бөлігі. Оларды танымал ету арқылы қосымша пайда табуға, клубтың не компанияның брендін қалыптастыруға болады. Ал бізде жағдай қалай? 

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасында 12 клуб бақ сынайды. Олардың да өз маскоттары бар. Оның төртеуі мысық тұқымдас ірі жыртқыштар – барыс пен жолбарысты өздеріне тұмар етіп алған.

"Астана" – Барыс

2016 жылы клуб басшылығы жанкүйерлер арасында сауалнама жүргізіп, нәтижесінде барысқа тоқталған. "Барсик" есімді маскот еліміздегі танымал футбол тұмарларының бірі. Тіпті, Instagram желісіндегі парақшасы бар.

"Тобыл" – Жолбарыс

2017 жылы маусым алдында қостанайлық жанкүйерлер жолбарысты таңдап, оған "КосТо" деп лақап ат қойды. "КосТо" "Тобылдың" әрбір матчына келіп, жанкүйерлермен бірге сүйікті клубына қолдау көрсетеді. 

"Қайрат" – Барыс пен бүркіт

Алатауда тіршілік ететін барыс Алматының нағыз тұмары. "Қайраттың" барысты маскот ретінде таңдайтыны сөзсіз еді. Дегенмен алматылық клуб бірден екі маскоттың болғанын жөн санапты.

Екіншісі - бүркіт. Оны 2012 жылы таңдаса, барысты арада бір жыл өткенде "Қайраттың" 13 жасар жанкүйерінің ұсынысы бойынша қабылдаған. Әрбір матчтың алдында сұңқарды стадионның үстінде қалықтатып ұшыруды дәстүрге айналдырған "Қайраттың" екі маскоты да жанкүйерлердің көңілінен шықты. 

"Қайсар" – Қасқыр

Сөзсіз, еліміздегі ең танымал маскот – "Қайсардың" қасқыры. Әрбір матчта жанкүйерлердің көңілін көтеріп, командасына қолдау көрсетіп жүрген қасқыр футболсүйер қауымның арасында жақсы танылған. Қасқырдың болуы заңдылық еді. Өйткені, "Қайсардың" жанкүйерлері өздерін "дала қасқырлары" деп атайды. Оның үстіне клубтың танымбелгісінде (эмблема) қасқыр бейнеленген.

"Шахтер" – Көртышқан

Қарағандылық команданың маскоты 2012 жылы пайда болды. Командаға сәттілік әкелетін жануар ретінде көртышқанды таңдады. Кеншілер секілді жер астында көп жүретін бұл жануар бірден жанкүйерлердің көз айымына айналды.

"Ордабасы" – Барыс

Қар барысы – шымкенттік команданың бойтұмары. "Ордабасы" танымбелгісін өзгерткеннен соң оның екі жағында барыс бейнеленетін болды. Мүмкін, осыдан кейін маскот ретінде барысты таңдаған да болар.

"Ертіс" – Ақ аю

Павлодардық "Ертістің" маскоты – ақ аю. Солтүстік полюсте тіршілік ететін ақ аю қазір Павлодарда жергілікті жанкүйерлердің көңілін көтеріп жүр.

"Оқжетпес" – Тұлпар

"Оқжетпес" маскоты бұрыннан тұлпар болатын. Тіпті, клуб танымбелгісін өзгерткеннен соң жаңа эмблемасында тұлпардың суретін бейнеленген.

"Ақтөбе" – Тентек

Ерекше маскот – "Ақтөбе"  футбол клубында. Тентек деген лақап ат алған маскот 2006 жылдың тамыз айында "өмірге келген". "Жасы небәрі 11-де болса да, ол "Ақтөбе" футбол клубындағы ең жас, әрі ең жылдам, ең батыл, ең шебер ойыншы. Тентектің дарыны мен беделі өз командасын жеңістерге жетелейді. Сымбатты, өзіне сенімді, көпшіл, нәзік жандылардың алдында беделді, сонымен қатар өте мейірімді. Талабы таудай. Жүрген жерін күлдіріп, жандырып жүретін жарқын тұлға" - деп таныстырған болатын "Ақтөбе"  футбол клубы. 

Тентек – "Ақтөбе" клубы жанкүйерлерінің келбеті. Аты айтып тұрғандай тентек жанкүйерлер еліміздің үздігі саналады. Әрбір матчта стадионды лық толтырып, командасын қолдаудан еш жалықпайды.

Ел чемпионатындағы өзге үш клубта – "Жетісу", "Атырау" мен "Таразда" маскот жоқ. Талдықорғандық клуб жақын арада маскотты таңдайтынын хабарласа, "Атырау" мен "Тараз" маскотсыз-ақ жетістікке жетудің жолын білетіндей.

А. Рысдәулет