Футболшылардың ерекше таныстырылымы

Футболшылардың ерекше таныстырылымы
Фото: villarrealcf.es

Футбол әлеміндегі қазіргі клубтар қоғаммен байланыс, маркетинг сияқты дүниелерге ден қойып жүр. Трансферлік терезе кезінде клубтар жаңа ойыншы сатып алып, жанкүйерлерін қуантып қана қоймай, өз имидждерін жақсы қырынан көрсетуге тырысады. Жаңа ойыншы командаға қосылған кезде оны жайдан-жай конференция үстінде таныстыра салуға болады, бірақ оны асқан креативпен таныстыра білу керек. Бұл команданың өз ойыншыларына деген құрметін, клуб жанкүйерлерінің ықыласына бей-жай қарамайтынын білдіреді. Ендеше назарларыңызға футболшылардың ең ерекше таныстырылымдарын ұсынамыз.

Джон Терри, "Астон Вилла"

Кезінде “Челсидің” аңыз футболшысы болған Джон Терри өз клубымен 36 жасқа келгенде қоштасты. 1998-2017 жылдар аралығында ол лондондық клуб сапына 713 матч өткізіпті. Мұндай тәжірибелі әрі беделді футболшыны өз деңгейінде қарсы алмаса болмайды. Ол 2017 жылдың шілдесінде англиялық “Астон Вилла” клубына ауысты. Клуб Терриді WhatsApp мессенджерінде қарсы алды. Видеода клубтың чатына Джон Терри қосылып, өзгелері оны онлайн түрде қарсы алады.

Рока Меса, "Суонси сити"

“Суонси” қорғаушысы Ангел Рангел ағылшын тілі сабағын жүргізіп отырады. Оның алдында ағылшын тілін үйреніп отырған испан азаматы екені белгілі. Ол “Сәлем”, “Танысқаныма қуаныштымын”, “Мен Суонси сити ойыншысымын” деген сөздерден бастайды. Соңында “Менің атым Рока Меса” деп қорытынды сөзін айтады.

Антонио Рюдигер, "Челси"

2017 жылдың шілдесінде "Рома" клубынан "Челсиге" орталық қорғаушы Антонио Рюдигер ауысты. Джон Терридің орнын басады деген зор үміт артылған ойыншыны "Челси" маркетологтары әдемі таныстырды. "Челси" клубының дүкеніне келген әкесі мен баласы жаңа жейде сатып алады. Әкесі баласынан қандай ойыншының атын жаздыратынын сұрағанда, баласы Рюдигер деп тұрып алады. "Бәлкім Давид Луиз немесе басқа ойыншыны жаздырамыз?" деген ұсынысты да қабылдамайды. Мұны байқаған сатушы көрші бөлмеге кіріп Рюдигерден рұқсат сұрайды. Антонио қарсы еместігін білдіріп, өзінің "Челси" ойыншысы екенін айтады.

 Луиз Карлос, "Пасуш де Ферейра"

Португалиялық клуб фейсбук парақшасында "Османлыспордан" еркін агент ретінде ауысқан Луиз Карлосты ерекше әзілмен жариялады. Луиз Карлос "Барселона" шабуылшысы Леонель Мессиге қарсы ойнап жатқан суретті былай сипаттапты:

"Допты ұстаудың озық үлгісі, Чемпиондар лигасындағы үлкен тәжірибе және біздің командаға көмектесуге деген зор ықылас. Мұның барлығы біздің жаңа ойыншы туралы. Қош келдің Л...уис Карлос!"

Лоренцо Пеллегрини, "Рома"

"Сассуло" клубында 2015 жылдан бері ойнаған Лоренцо Пеллегрини "Ромаға" ауысып, жаңа келісімшартқа қол қояды. Ал клуб оны FIFA 17 симуляторы арқылы ерекше таныстырды. 

 Санти Касорла, "Вильяреал"

Санти Касорла "Арсенал" клубынан "Вильяреалға" 2018 жылдың маусымында ауысып қойған. Ал клуб 10 тамыз күні 4500 жанкүйер алдында бірегей таныстырылым жасады. Мұны сиқыр мен футболдың ең ұтымды интеграциясы деуге болады.

Massaget.kz