«Интер» футболшылары бапкерін доппен «тұздап» жүр (видео)

«Интер» футболшылары бапкерін доппен «тұздап» жүр (видео)

Миландық «Интер» командасының бас бапкері Роберто Манчини соңғы 3 күннің ішінде екі рет өз шәкірттерінен «таяқ жеді». Екі ретте де жылдамдықпен келген доп бапкерді нокаутқа түсірді.

Кеше жаттығу жұмыстары кезінде шәкірттеріне нұсқау беріп жүрген Роберто Манчиниді серб жартылай қорғаушысы Здравко Кузмановичтің жойқын соққысы шалқасынан құлатқан. Футболшы байқаусызда орын алғанын ескертіп бапкерінен кешірім сұраған. Бірақ, әзірге футбол маманының жарақат алған, алмағаны туралы ақпарат айтылған жоқ.

Айта кетейік, осыған ұқсас жәйт осыған дейін Италия «А» сериясының 18-тур аясындағы «Интер» және «Дженоа» клубтары арасындағы ойында да болған-ды. Ойынның 67-минутында команда капитаны Марко Андреолли алаң ортасындағы тартыс кезінде допты бар күшімен теуіп жібереді. Қаңғалақтаған доп алаң жиегінде шәкірттеріне нұсқау беріп тұрған бас бапкер Роберто Манчинидің бетіне тиіп, бапкер есеңгіреп барып, есін жиған еді. Соңынан ыңғайсыз жағдайдан бапкер «футболшыны ауыстырамын» деп әзілдеп құтылған-ды.

Қазіргі таңда миландық «Интер» ішкі біріншілкте 9-шы орында келеді. Жақында ғана клуб Лукас Подольски мен Джердан Шакириді қатарларына қосты. Сонымен қатар, каталондық «Барселонада» қызметінен босатылған Карлес Пуйоль да италиялық ұжым сапында жаңа қызметке орналасуы мүмкін. 

Сурет: sports.ru

О. Сансызбай