Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі үздіктер анықталды

Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі үздіктер анықталды

2014/2015 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аяқталып, 1/8 финалының жеребесі тартылып та үлгерді. Ал топтық кезеңнің үздік ойыншылары, ойындары мен командалары енді анықталды. Сонымен үздіктерге кезек берейік.

Еуропаның басты бәсекесіндегі топтық кезеңінің үздік ойыншысы болып донецкілік «Шахтердың» шабуылшысы Луис Адриано танылды. Бразилиялық ойыншы бұдан өзге үздік сұрмергендер көшін де топ бастап келеді. Еншісінде 9 гол бар. Беларустың «БАТЭ» командасына қарсы ойында 5 гол соғып, Лионель Месси рекордын қайталаған болатын.

Топтық кезеңде танылған жас талант Бреэль Эмболо болды. Швейцарияның «Базель» клубында өнер көрсететін футболшы сарапшылардың көзіне түсе білді. Алдағы уақытта Еуропаның танымал клубтарының біріне ауысып қалуы да ғажап емес.

Топтық кезеңнің ардагер футболшысы айтпаса да белгілі. Римдік «Рома» капитаны Франческо Тотти үздік ардагер ойыншы атанды. Ол Чемпиондар лигасында гол соққан ең егде футболшы ретінде де рекорд орнатқан болатын.

Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі ең үздік команда – мадридтік «Реал». Карло Анчелотти шәкірттері топтық кезеңде ұпайдан шашау шығарған жоқ. 1/8 финалда гельзенкирхендік «Шалькемен» кездеседі.

«Манчестер Сити» мен «Бавария» арасындағы ойын топтық кезеңнің ең үздік кездесуі болып танылды. Бірінші тайм қорытындысында жеңіліп тұрған ағылшындық клуб екінші 45 минутта 3:2 есебімен жеңіп кеткен еді.

Топтық кезеңдегі ең үздік камбэк «Арсенал» мен «Андерлехт» командалары ойынында орын алған. Үш доп айырмашылығымен жеңіліп тұрған бельгиялық клуб ойын соңына дейін таразы басын теңестіріп кеткен болатын.

Айта кетейік, 2014/2015 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының 1/8 финалының бірінші кездесулері 17-18 ақпан мен 24-25 ақпанда өтсе, қарымта ойындары 10-11 наурыз бен 17-18 наурыз күндеріне жоспарланған. Ал финал болса Берлиндегі Олимпиадалық стадионда өтеді.

Cурет: vk.com

О. Сансызбай