Неймардың шынайы трансферлік бағасы қанша?

Неймардың шынайы трансферлік бағасы қанша?

Бразилиялық тілшілер бразилиялық «Сантос» пен каталониялық «Барселона» арасындағы жасалған Неймардың шынайы трансферлік бағасын анықтапты.

Ресми түрде жуырда ғана аяқталған Конфедерация Кубогінің үздік ойыншысы, 21 жасар Бразилия құрамасының шабуылшысы Неймар мен «Барселона» арасындағы келісім маусым айында орын алған болатын. Сол кезде қос команданың да басшылары бұл шартнама 57 миллион еуро деп айтқан еді.

Дегенмен, Radio Globo тілшілерінің бірінің қолына бұл келісімшарттың ресми құжаты түсіпті. Бұл ресми құжаттағы деректерге сүйенетін болсақ, Неймарды 100 пайыз өз қатарларына қосу үшін каталондық команда «Сантосқа» бар болғаны 17,1 миллион еуро берген болып шықты. Тағы 171 мың еуро әкімшілік шығынға кеткен.

Бразилиялық тілшілердің пайымдауынша, қалған 40 миллион Неймардың әкесіне берілген болуы мүмкін. Оның 10 миллион еуросы тіпті 2012 жылы алдын ала төлем бойынша берілген екен.

Айта кетейік, Неймар «Барселонамен» бес жылдық келісімшартқа отырған. Егер де бразилиялық шабуылшы жаңа командаға ауысатын болса, онда ол клуб 190 миллион еуроға шығындалады деген келісім де бар құжатта. Ал "Барселона" командасының қатарында Неймар жылына жеті миллион еуро көлемінде айлық алады.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: vesti.kz

Ю. НИКУЛЛИН