Күрес түрлерінен Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына үшінші қола медаль түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақтағы қола жүлде үшін күресте Бағдат Сабаз әзербайжандық Хасрат Джафаровты жеңіп шықты. Ол белдесу аяқталуға 1 минут қалғанда 1:5 есебімен есе жіберіп жатқан. Жеңіске деген жігерінің арқасында есепті өз пайдасына шеше білді. Қарсыласын 8:5 есебімен ұтып шықты.
Хасрат Джафаров – Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатында үш рет жүлде алған танымал балуан. Сондай-ақ Еуропа чемпионатында төрт рет топ жарған. Бағдат Сабаз осындай азулы қарсыласынан айласын асыра білді.
Айта кетейік, бұған дейін грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали (60 келі) мен Исхар Курбаев (55 келі) қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Ал Зейнеп Баянова (50 келі) мен Нилуфар Раимова (57 келі) ертең қола медаль үшін күреседі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай