Қазақстандық Азат Мақсұм мен Бекзат Алмаханның дайындығына жауапты жаттықтырушы Қанат Рахимов UFC-дің Әзербайжанда өтетін турниріндегі шәкіртінің жекпе-жегі туралы айтып берді,- деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Азат Мақсұмның Бакуде өтетін турнирде октагонға қайта шығатыны белгілі болды. Ол жарақат алған Киоджи Хоригучидің орнына шығатын болды.
Қазақ спортшысының қарсыласы – Хабиб Нурмагомедовтың командасында жаттығатын тәжірибелі ресейлік файтер Тагир Уланбеков болады.
— Бұл ұсыныс қашан түсті? Қарсылас өте мықты, және фаворит саналады. Неліктен келісім бердіңіздер?
"Ұсыныс 2-3 күн бұрын түсті, бірден келістік. Егер жекпе-жектен бас тартсаң, рейтингте төмен түсіп кетесің", – деді тілшілерге Азаттың жаттықтырушысы Қанат Рахимов.
Тагир Уланбеков — 2020 жылдан бері UFC-де өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі спортшы. Бірақ оның мансабында көптеген жекпе-жектер түрлі себептермен өтпей қалған.
— Қарсылас туралы не айтасыз? Тагир жарақатына байланысты соңғы сәтте жекпе-жектен бас тартатын кездері көп. Азат дайындық өткізіп, ақыры қарсылас шықпай қояды деп қауіптенбейсіздер ме?
"Қарсыласымызды зерттеп, оның қателіктерімен жұмыс істейміз. Ол тәжірибелі спортшы, бұған дейін қазақстандықтармен кездесіп, жеңіске жеткен. Жекпе-жекке шыға ма, шықпай ма – уақыт көрсетеді", – деді жаттықтырушы.
Ресейлік спортшы осыған дейін қазақстандық файтерлермен екі рет кездескен: 2018 жылдың тамызында Астанада өткен FNG Fight Nights Global 88 турнирінде ол Жалғас Жұмағұловқа төрешілер шешімімен жеңілген, ал 2017 жылы EFN Fight Nights Global 58 турнирінде Махачкалада Асу Алмабаевты мерзімінен бұрын жеңген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
UFC-дің Бакудегі турнирі – ТМД елдері үшін үлкен оқиға. Турнирдің Қазақстанға жақын өтуі – жақсы ма, жаман ба? Бұл жекпе-жекте жанкүйерлердің ерекше қолдауын күтесіздер ме?
"Әрине, турнирдің ТМД аумағында өтуі – жақсы жаңалық! Болашақта UFC Қазақстанда да турнир өткізеді деп үміттенеміз. Бұл жолы жанкүйерлерден бұрын-соңды болмаған қолдау күтеміз", – деді маман.
Айта кетейік, Азат Мақсұм соңғы рет 2024 жылдың ақпанында өткен UFC Fight Night 235 турнирінде октагонға шыққан болатын.
Сол кезде "Қазақ" лақап атымен өнер көрсететін, әлі жеңіліс көрмеген қазақстандық файтер америкалық Чарльз Джонсоннан төрешілер шешімімен ұтылып қалған. Көптеген БАҚ пен сарапшылар бұл жеңілісті сенсациялық деп бағалады, себебі қарсыласы үш рет қатарынан жеңілген болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Бақдаулет