Асу Алмабаев UFC рейтингінде екі сатыға төмендеді

Асу Алмабаев UFC рейтингінде екі сатыға төмендеді
Фото: видео кадры

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев UFC ұйымының аса жеңіл салмақтағы жаңартылған рейтингінде екі сатыға төмендеді, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Промоушеннің ресми сайтында жарияланған тізімге сәйкес, қазақстандық спортшы алтыншы орыннан сегізінші сатыға сырғыған.

Рейтингтегі өзгеріске Алмабаевтың Қатарда өткен UFC турнирінде жапониялық Кедзи Хоригутиден жеңілуі себеп болды. Үш раундқа созылған кездесудің қорытындысында төрешілер жеңісті бірауыздан Хоригутиге берген.

Жапониялық файтер осы жеңісінен кейін жетінші орыннан алтыншы сатыға көтеріліп, Алмабаевтың бұрынғы орнын иеленді. Ал ирактық Әмір Әлбази сегізінші орыннан жетінші орынға жайғасты.

Қазіргі уақытта Асу Алмабаев – UFC рейтингінің үздік 15 спортшысы қатарына кіретін жалғыз қазақстандық файтер.

Бұған дейін рейтингте ең жоғары орынға Шавкат Рахмонов көтерілген еді. Ол жартылай орта салмақта екінші орында тұрған. Алайда жарақатына байланысты ұзақ уақыт жекпе-жек өткізбеген соң UFC рейтингінен шығарылды.

UFC – аралас жекпе-жек турнирлерін ұйымдастыратын әлемдегі ең ірі промоушендердің бірі. Алмабаевтың сегізінші орынға түсуі оны чемпиондық жекпе-жекке үміткерлер қатарынан біршама алыстатты.

Айта кетейік, 2027 жылы UFC-дің бір турнирі Қазақстанда өтуі мүмкін. Бұл туралы келіссөздер жүріп жатқаны жайлы хабар тараған. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget