- Негізгі бет
- Спорт
- "Әлем чемпионы жыртық...
"Әлем чемпионы жыртық матраста жатады". Мәжіліс депутаты спорт мектебін сынға алды
Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов "Шаңырақтағы" спорт мектебін аралап, жай-күйімен танысты. Кездесу барысында түйткілді мәселелерге назар аударып, қазіргі жағдайымен қанықты. Депутат пен оның қоғамдық көмекшісі Диас Нұрақынның бүгін жариялаған facebook желісіндегі жазбасынан шешімі табылмай тұрған біраз мәселені аңғаруға болады.
"Алматыдағы "Шаңырақ" спорт мектебін аралап көрдім. Небәрі 15 жыл бұрын ғана салынған ғимарат тозып кеткен екен. Әсіресе оқушылар жататын жатахананың жағдайы сын көтермейді. Сылақтары түсіп, есіктері сынып, іші күңгірт тартып тұр. Жиһаздары тоз-тоз болған. Ұстаздар қауымы жылда өз күшімізбен сылап-сипап, жыртығын жамап қоямыз дейді. Бірақ күрделі жөндеу, ескірген жиһаздарын жаңартуға мүлде қаржы бөлінбепті. Бұл ғимарат әу баста сапасыз салынған сияқты. Ауласы жайнап тұрғанымен, жатахана іші лас. Мұндай жерде жаттығу жасап, жақсы нәтиже көрсету мүмкін емес деп ойлаймын", - дейді депутат.
Спорт мектебінде татами де жоқ екен. Оны федерациядан уақытша сұрап алған көрінеді.
"Ең қызығы спорт мектепте күреспен айналысатындарға татами жоқ екен. Қазіргі боз кілемді федерациядан уақытша сұрап алдық дейді. Етікші етікке жарымайдының кебін киіп отыр. Болашақ чемпиондарды тәрбиелеп жатқан білім ордасына көңіл бөліну керек деп ойлаймын. Жаманын жасырып, жақсысын асырып жүре берсек жетістікке жетпейміз. Кемшілікті көзге шұқып айтатын уақыт жетті. Спорт саласынан жоғары нәтижеге жетеміз десек ең алдымен осындай мамандандырылған мектептерден бастауымыз керек", - дейді Данияр Қасқарауов.
Депутаттың қоғамдық көмекшісі Диас Нұрақын да спорт мектебіндегі ахуал мен спортшылар тұратын жатақхана жайын ашық жазды.
"Жатақханасы жұлым-жұлым болып жатыр. Кірі езіліп, сылағы түсіп, шаңы көкке көтерілуде Жиһаздары 20-шы ғасырдан қалған сияқты. Жыртылған матрас пен ескірген көрпе-жастыққа жату мүмкін емес. Мұндай жерден чемпион шығару қиын", - дейді жазбасында. "Тіпті, ақшаның жоқтығынан жыртығын өзіміз жамап, бояп-сырлап қоямыз" деген ұстаздар.
Биыл еркін күрестен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ балуаны Ризабек Айтмұхан да осы мектепте шынығады. Диас Нұрақын чемпиондар тұратын, білім алып, жаттығу жасайтын мектептің ахуалына өкініш білдіреді.
"Республикалық спорт мектебінен Ризабектің әкесі Қанат Айтмұханды көріп қалдық. Күрестен әлем чемпионы болған Ризабек осы мектептің шәкірті екен. "Зона комфортаға" үйренісіп қалмас үшін әлі осы жердегі жатақханада тұрамыз дейді Қанат Айтмұхан. Жұлдыз ауруына шалдықпаған қарапайымдылыға тәнті болдым. Бірақ әлем чемпионының жыртық матрас пен лас жерде жатқаны ұят емес пе? Спортқа бөлінген миллиардтар құмға сіңгендей жоқ болуда. Сұрауы бар ма мұның?", - деп сөзін түйіндейді жазбасында.
Айта кетейік, 2007 жылдың жазында Қазақстан Республикасы үкіметінің шешімімен 6,3 га аумақты алып жатқан Алматы қаласының "Шаңырақ" ықшамауданы "Дарынды балаларға арналған Республикалық мамандандырылған мектеп-интернат" ашылды.
2012 жылы Алматы қаласы "Шаңырақ" шағын ауданындағы Олимпиада резервінің Республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі РММ мәртебесін алды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!