Месси Париж Олимпиадасына қатысу жайлы шешім қабылдады

Аргентина ұлттық құрамасы мен "Интер Майами" командасының шабуылшысы Лионель Месси Париждегі Олимпиада ойындарына қатысқысы келеді. D Sports ақпараты бойынша, әлемнің үздік футболшысы тағы бір рет доданың алтын жүлдесіне қол созып көрмек. 

Футболдан Аргентина құрамасы іріктеуден өтетін болса, Месси мен Анхель Ди Мария Париж Олимпиадасына қатысуға құлықты. Себебі Олимпиада ойындарына қатысатын құрама 23 жастан асқан 3 футболшыны қатарына қосып бара алады. 

Аргентиналықтар Олимпиадаға іріктеу ойындарын бүгін бастайды. Олар топта Чили, Парагвай, Уругвай және Перу құрамаларына қарсы ойнайды. 

Месси мен Анхель Ди Мария бұған дейін де Олимпиада ойындарына қатысқан. 2008 жылы Бейжіңде өткен додада чемпион болған. Финалдағы жеңіс голын Нигерия құрамасы қақпасына Анхель Ди Мария соққан. 

Қазіргі таңда Украина, Франция, Испания, Израиль, АҚШ, Доминикан Республикасы, Марокко, Мысыр, Мали және Жаңа Зеландия құрамасы Олимпиадаға жолдама алып үлгерді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!