Рыбакинаның Australian Open-дегі жеңілісінен кейін әлемдік рейтингідегі орны белгілі болды

Рыбакинаның Australian Open-дегі жеңілісінен кейін әлемдік рейтингідегі орны белгілі болды
Фото: Getty Images

Әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакинаның Australian Open 2024 турнирінің екінші айналымындағы жеңілісі теннис жанкүйерлерін есеңгіретіп тастады. Ол өзінің карьерасында үшінші рет осы турнирдің екінші айналымында жеңілді, ал Мельбурнда ол бесінші рет ойнады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

Рыбакина былтыр Аустралия чемпионатының финалына дейін жетті, ал осы жылғы жарыста ол сол ұпайын сақтап қалуы керек еді. Алайда, өкінішке қарай, бұл мүмкін болмады. Енді қазақстандық теннисші WTA әйелдер рейтингінде нешінші орынға жайғасады?

Қазақстанның үздік теннисшісі осы маусымдағы алғашқы жеті кездесуінде алты жеңіске қол жеткізіп, Аустралия ашық чемпионатына жақсы дайындықпен келді. Алайда биылғы алғашқы "Үлкен дулыға" турнирінің екінші айналымында ресейлік Анна Блинковадан (№57) жеңілді - 4:6, 6:4, 6:7(20).

Үшінші сеттегі супер тай-брейк осы матчтың басты оқиғасына айналды. Соңғы партияда қазақстандық теннисшінің алты матчболы болды, бірақ ол мұның ешбірін сәтті пайдалана алмады. Ал Блинкованың өзі оныншы (!) талпынысында ғана матчқа нүкте қойды. Олардың арасындағы жеке кездесудің есебі 2:0 болып, Анна озып тұр (3:0 – жасөспірімдер арасындағы кездесулерді қосқанда).

Рыбакина былтыр финалға шығып, 1200 ұпай жинаған еді. Ол бір турнир кезінде бұдан асырып ұпай жинаған емес. Өйткені оған 2022 жылы Уимблдонда жеңіске жеткені үшін ұпай (2000 ұпай) берілмеді.

Осы маусымда Елена Australian Open турнирінің екінші айналымына ғана өте алды. Енді қазақстандық теннисші биылғы турнирдің қорытындысы бойынша екі орын төмен сырғып, әлемнің бесінші ракеткасы болады.

Оны бірден екі америкалық теннисші - Коко Гауфф (№4) және Джессика Пегула (№5) басып озды. Джессика Пегула да Рыбакина сияқты екінші раундта-ақ франциялық Клара Бюрелден жеңіліп қалды – 4:6, 2:6. Алайда соның өзінде көп ұпай жоғалтқан Рыбакинадан озып, үздік төрттікке оралады.

Гауффқа келер болсақ, оның әлемдік рейтингіде екінші орынға дейін көтеріліп, Беларусь теннисшісі Арина Соболенконы (№2) басып озатын мүмкіндігі бар. Ертең, 19 қаңтарда Коко үшінші айналымда отандасы Алисия Паркспен (№82) ойнайды.

Көңілге қуаныш сыйлайтын жалғыз нәрсе - үздік бестікке кірмейтін теннисшілердің ешқайсы Рыбакинаны қуып жетіп, топ-5-ке жайғаса алмайды. Бұған рейтингідегі ұпайлар санындағы айтарлықтай айырмашылық, сондай-ақ алтыншыдан сегізіншіге дейінгі орындардағы теннисшілердің (Онс Жабер, Маркета Вондроушова, Мария Саккари) турнирден шығып қалғаны себеп.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан