"Италияда өткен жарыста ашқұрсақ жүрдік". Велоспортты тастап кеткен спортшымен сұхбат

"Италияда өткен жарыста ашқұрсақ жүрдік". Велоспортты тастап кеткен спортшымен сұхбат
Фото: Massaget.kz

15 жылдық ғұмырын велоспортқа арнаған Ғалым Ахметов спорттағы ғұмыры қысқа болғанына ренжулі.  Жастар арасындағы әлемдік додаларда жоғары нәтиже көрсеткен велоспортшы сол күйі "Astana Qazaqstan Team" командасына алынбай қойған. Спорттық ғұмыры қысқа болса да, көргені көп кейіпкермен Massaget.kz тілшісі тілдесіп қайтты.

Ғалым Ахметов Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін  жеңімпазы, 1963 жылы спорт шебері атағын алған Қалихан Ахметовтың баласы. 

Фото: кейіпкерден алынды

Әкесінің жолын қуған велоспортшы Талғардан шыққан тұңғыш чемпион. Небәрі 18 жасында Азия чемпионы атанған велошабандоз Иранда өткен "Tour of Mazandaran" жарысында жеңіске жетіп, Түркиядағы жарыстың 7-кезеңінде 12-болып келіп, жалпы есепте 23 орынды алған.  

Фото: кейіпкерден алынды

Дайындық дұрыс болмады

Басында барлығы жақсы еді. 2014 жылы "Astana 2" командасының қатарына қосылдым. Сол кезде тренеріміз Владимир Ремыга жақсы бапкер болатын. Дайындықты қадағалауы, тапсырмалары бөлек болатын. Сол кісі кеткеннен кейін бізді үлкен жарысқа дайындау дұрыс болмады. 5-6 сағаттық үлкен жаттығулар беретін. Жарысқа дейін дымың қалмайды. Физикалық күштерін бағамдамай, бәріне бірдей тапсырма беретін.

Фото: кейіпкерден алынды

Италиядағы жарыста тамақ болмады. Аш құрсақ 5-6 сағаттап дайындалған сәттер болды

"Біздің жетістікке жетпеуімізге тағы бір себеп - жемқорлық. Ол бізге қалай әсер етті дейсіз ғой?! Бір ғана мысал айтайын. Біз 3 айлап Италияда тұратын сәттер болды. Сол елдегі жарыста құжат бойынша біз 2 адам бір бөлмеде тұру керек екенбіз. Ал біз 8 адам бір бөлмеде жаттық. Ол бізге психологиялық тұрғыдан кері әсер етті. Дайындықта, жарыста жүрген кезде тамақ болмады. Ашқұрсақ 5-6 сағаттап дайындалған сәттер болды. Яғни Италияда өткен жарыста ашқұрсақ жүрдік. Біріншіден ұлттық құрама, екіншіден "Astana team" командасы болдық. Бізден неге көбірек жетістікке жетпейсіңдер деп сұрау салады. Ал өздері дұрыс тамақпен қамтамасыз ете алмады", - дейді велошабандоз.

 Алайда көп кедергіге қарамастан Ғалым Ахметов Италияда өткен Каподарко Гран-приінде 3 орын алды. 180 шақырымға созылған жарыста 200 велошабандоздың ішінен үшінші келу үлкен жетістік.  

Ересектер құрамасына кіре алмадым

"Негізі спортта өте мықты қазақ балалары көп. Мәселен менің марқұм Дінмұхаммед Ұлысбаев деген досым бар еді.  2018 жылы әлем кубогын жеңді. Ол жеңгеннен кейін "Astana pro" командасына алмады. Дәл осы жағдай менің де басымнан өткен. 2017 жылы мен Түркиядағы халықаралық жарысты жеңгеннен кейін мені ересектер құрамасына алуы керек еді. Бірақ ақыры ересектер құрамасына кіре алмадым", - дейді Ғалым Ахметов.  

Фото: кейіпкерден алынды

Польшадағы жарыста құраманың лидері болдым. Оны құрамадағы жігіттердің бәрі біледі. Бірақ сонда да "Көмек керек", "Су алып кел" - деп жұмсайтын. Барып кел, шауып кел болып жүретінбіз. Былайша айтқанда қолбала болдық. Велоспортта артық қимыл жасауға болмайды.

Фото: кейіпкерден алынды

Балалар спортында да олқылық көп

Велоспортты аяқтағаннан кейін Талғарда жаттықтырушы болдым. Неге әлі күнге дейін бізден халықаралық деңгейдегі спорт шебері шықпайды? Қанша қаржы бөлінді.

Қазақтың жігіттері шыңға шығады

"Көңілге тиетіні жалындап тұрған сәтімде 2019 жылы спортты аяқтадым. Иығым сынды. Дұрыс бапкер мен дұрыс дайындық болса қазақтың жігіттері шыңға шығады деп ойлаймын. Бұдан кейінгі шығатын спорт қуған балаларға біздің жолымызды бермесе екен", - дейді Ғалым Ахметов.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов