"Ақтық демім қалғанша жүгіре беремін". 76 жастағы марафоншы 500 шақырым жолды жаяу еңсерген

Қызылорда облысының Арал қаласында 76 жастағы марафоншы тұрады. Семей полигонының ардагері Серік Өтепәлиев ондаған шақырымға жүгіруге бес жасынан бастап машықтанған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Зейнеткер жетпістің желкенін көтерген шағында 500 шақырым жолды жаяу да, велосипедпен де жүріп өткен. Серік Өтепәлиевтің қашықтыққа жүгіруге қызығушылығы 5 жасында басталған. Әкесі қаршадай кезінен еңбекке баулыған. "Көрші ауылдарға жаяу қатынып жүріп, желаяққа айналдым" дейді қарт марафоншы. 

"Бес жасымда түйеге барып кел" дейді. Мен жүгіремін, барып келемін. 5 шақырымнан 10 шақырым күнде түйені алып келіп, жүгіруге машықтандым. Содан бастап өзіме жан дос қылып алдым", - дейді Арал қаласының тұрғыны Серік Өтепәлиев. 

Серік Өтепәлиев - Семей полигонының зардабын татқан әскерилердің бірі. Кейін Арал маңында кеме жөндейтін зауытта еңбек еткен. Бірақ спорттан бір сәт алыстамапты.

"1968 жылы судоремонтный зауыт болды Аралда. Сол кезде марафон жүгіру дейтін бар, қашыққа жүгіреді, жас бала ол кезде. Содан бері жүгіріп келе жатыр ғой. Ауруға шыдам беріп, сол спорттың арқасында ауырмай жүргені", - дейді Арал қаласының тұрғыны Тоғанбек Тиышов.

Серік Өтепалиев 70 жастан асқан шағында Арал қаласынан Қызылордаға дейін 500 шақырым жолды жаяу еңсерген. Араға үш жыл салып, дәл осы аралықты велосипедпен жүріп өтеді. "Бұл - үлкен дайындық пен күш-жігердің жемісі" дейді ардагер. 

"Кростан Алматыдағы Бауым бағында жүгірдім 12 шақырымға. Халықаралық марафонға қатынастым. 10 шақырымға, 5 шақырымға. Енді қалған уақыттарда жүгіріп келе жатырмын. Әбден ақтық демім қалғанша жүгіре беремін. Қарт марафоншы алдағы уақытта Аралдан Семей қаласына дейін жүгіріп өтіп, полигон құрбандарына арналған ескерткішке тағзым етуді жоспарлап жүр екен. Қазір осы мақсатына жету үшін қызу дайындыққа кіріскен", - дейді Арал қаласының тұрғыны Серік Өтепәлиев. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!