Рыбакина әлемнің екінші ракеткасын тас-талқан етіп, Брисбендегі турнирдің чемпионы атанды

Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Брисбендегі (Аустралия) WTA 500 турнирінің чемпионы атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің екінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен ойнады.

Қарсыластар бұған дейін жеті рет кездесіп, оның бесеуінде Беларусь теннисшісі жеңіске жеткен.

Елена Рыбакина бұл жолы алғашқы сетте қарсыласына бірде-бір геймді бермеді. Есеп 6:0.

Екінші сетте есеп 2:1 болғанда Арина Соболенко медициналық үзіліс алды. Одан кейін ол екі геймде ғана жеңіске жетті. Осылайша, қазақстандық теннисші екінші сетте 6:3 есебімен мачты аяқтады.

Елена Рыбакина 1 сағат 12 минутқа созылған матч кезінде жеті эйс жасап, жеті брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды.

Ал Арина Соболенко үш эйсті орындап, бір қос қателік жасады және бір брейк-пойнтты өз есебіне жазды.

Айта кетейік, Елена Рыбакина осы жеңісінен кейін әлемдік рейтингіде бір орын көтеріліп, әлемнің 3-ракеткасы атанды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!