Қазақстандық теннисшілер 2024 жылды сәтті бастады

Қазақстандық теннисшілер 2024 жылды сәтті бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 54-ракеткасы Анна Данилина Окленд (Жаңа Зеландия) WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты.

Жарыстың 2-ракеткалары болып тіркелген Данилина словакиялық Виктория Грунчаковамен бірге ширек финалда қытайлықтар Юань Юэ — Сю Ванмен шеберлік байқасты. Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық-словакиялық жұп сол басымдығын сақтап қалды — 6:4.

Екінші сетте қытайлық дуэт 3:1 есебімен алға кеткенімен, мәселе тай-брейкте шешілді. Онда Данилина мен Грунчакова жеңісті жұлып алды — 7:6 (8:6). Анна Данилина — Виктория Грунчакованың жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.

Жібек Құламбаева жұптық сында Нонтхабури (Таиланд) ITF турнирінің ширек финалына шықты. 

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Ж.Құламбаева грекиялық Сапфо Сакелларидимен бірге индонезиялық Беатрис Гумуля – жапониялық Рина Сайгомен бастапқы кездесуін сәтті өткізді.

Қазақстандық-грекиялық дуэт 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Жібек Құламбаева – Сапфо Сакеллариди жартылай финалға шығу үшін Польша өкілі Майя Хвалиньска – жапониялық Юки Наитомен кездеседі.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 190-ракеткасы Денис Евсеев Канберра (Аустралия) челленджер турнирінің екінші айналымында рейтингте 167-орындағы чехиялық Якуб Меншикке жол берді – 4:6, 4:6. Сөйтіп, ширек финалға шыға алмады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз