Көкшетауда алаңсыз қалған жас хоккейшілердің ата-анасы шу шығарды

Көкшетауда алаңсыз қалған жас хоккейшілердің ата-анасы шу шығарды
Фото: видеодан алынған кадр

Көкшетауда жас хоккейшілердің ата-анасы шу шығарды. Олар "Облыс намысын қорғайтын жас спортшыларға мүлдем көңіл бөлінбейді" дейді. Мемлекеттен 3 миллиард теңге алған "Арлан" командасы қарамағындағы клубқа жағдай жасамайды екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Спорт киімдерін де, жарысқа баратын бар шығынды да ата-аналар өз қалтасынан төлеуге мәжбүр. Тіпті "Бурабай" спорт сарайындағы мұз айдыны аптасына үш-ақ рет берілетін болған. Оның өзінде балалар таңғы 5-тен тұрып жаттығуға мәжбүр. "Арланның" басшылары қаражат жетпей жатқанын айтып ақталып отыр.

Балалар хоккей клубы мұз айдынында биыл соңғы рет жаттығады. Өйткені "Арлан" командасымен келісімшарт мерзімі біткен. Ал келер жылға мемлекеттік сатып алу жөніндегі байқау ақпанға дейін созылуы мүмкін. Жас хоккейшілерге оған дейін ешкім мұз алаңын бермейді.

Бұл жаңалық ата-аналардың төбесінен жай түсіргендей болды. Жаңа жылдан бастап балалардың мұз айдынына мүлдем шыға алмайтынын олар білген жоқ. Жас споршылар бұл "Бурабай" спорт кешеніне осыдан екі ай бұрын ғана келген. Бұған дейін жекенің жаңа мұз аренасын жалдапты. Өкінішке қарай, ол ғимаратты "стандартқа сай емес" деп жауып тастаған. Аптасына үш рет жаттығуды азсынған ата-аналар енді одан да айырылайын деп тұр. Мемлекеттен 3 миллиард теңге алса да, балаларды жейдесіз қалдырған "Арланға" ата-аналар ренжіп отыр.

"Кәдімгі ойын формасы бар ғой, соның өзін ата-аналар сатып әпереді. Басқа облыстардағы клубтарды көрсең, киімдері жап-жаңа, жейдесінің арқасында есімі жазылған, әп-әдемі. Біздің балалардың жейдесінің жеңі де, етегі де шолтиып қалды. Екі жылдан бері киіп жүрді. Сосын сатып әпкердік. Коньки, шайбаны да өзіміз сатып алдық", - дейді Асқар Құрманов.

Ата-аналардың айтуынша, жас споршылардың басқа облыстарға чемпионатқа баратын жолын да өздері төлеп келген. Бес жасынан бастап аяғына коньки байлаған балаларының "еңбегі еш кетпесе екен" дейді. Өйткені мұз айдынына олар таңғы сағат бестен тұрып келіп жүр. "Жаттығу кестесі өте тығыз" дейді мектеп директоры.

"Спорт мектепте, мұзда екі бөлімше бар. Шорт-трек және мәнерлеп сырғанау. Шорт-тректе — үш бапкер, мәнерлеп сырғанауда — екі бапкер. Кесте сағат 8-ден бастап кешкі сағат 9-ға дейін толық, біздің өзіміздің спортшылар дайындалады", - дейді "Бурабай" спорт мектебінің директоры Асылжан Әлмерденов.

"Біздің спортшылар" дегені — спорт мектебіне қарасты балалар. Ал жас хоккейшілерге жауапты "Арлан" жеке клубы "Бюджеттен берілген 3 миллиард теңге үш жылға аз" деп отыр.

"Біріншіден, ақша мүлдем жетпейді. Мұзды жалға аламыз. Киім-кешекпен қамтамасыз етуге қаражат жоқ. Тендерден алған 54 миллион осы балалар хоккейіне. Оның 24 миллионын мұзды жалдауға бердік. Енді келесі байқау өткенше уақыт керек. Сондықтан балалар Жаңа жылдан бастап мұзға шыға алмайды. Жалға төлейтін ақша керек", - дейді "Арлан" хоккей клубының басшысы Денис Гайдаев.

Мұз айдынын жалдауға қаражат жоқ. Ал аптасына бес рет жаттығуды сұрап жүрген балалар хоккей клубы 2024 жылғы 5 қаңтарда Ресейге жарысқа баруды жоспарлап қойыпты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан