Алматыда дзюдодан халықаралық командалық турнир өтті

Алматыда дзюдодан халықаралық командалық турнир өтті
Фото: Қазақстан Дзюдо федерациясының баспасөз қызметі

21 желтоқсанда Алматыда дзюдодан ерлер арасындағы халықаралық командалық "Jenys Cup" турнирі өтті. Қазақстандық "Jenys" клубының атынан татамиге шыққан спортшылар бұл жарыста қола жүлдеге қол жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған жарыстың ашылу салтанатына Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек  Есекеев пен  Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі Алмаз Әлсенов қатысып, құттықтау сөзін сөйледі.

Байрақты доданың қола жүлдесі үшін "Lokomotiv Green Hill" клубымен кездесті. Еліміздің намысын қорғаған Кубанычбек Айбекуулы (-66кг), Асқар Нарқұлов (-73кг), Жансай Смағұлов (-73кг), Тато Григалашвили (-81кг), Ерлан Шеров (-90кг) пен Саба Инанешвили (+90кг) азулы қарсыластарын 3:0 есебімен таза жеңіп шықты. Бұл кезеңге дейін "Jenys" клубы "Spanish Judo Car-Madrid", "Stayki" және "Genco" клубтарының спортшыларын ұтып шыққан болатын.

 Жарыс нәтижесінде финалда белдескен екі клубтың ішінен "Shevardeni" клубы чемпион атанса, "Hoji Sharif" күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал "Jenys" және "Edelweiss" клубтары үшінші орынды бөлісті.

Сонымен қатар ұйымдастырушылар шешімімен жарыс барысында үздік болып танылған спортшыларға арнайы жүлделер табысталды.

 Осылайша, "Үздік дзюдошы" номинациясы бойынша үздік техника үшін Тато Григалашвили дзюдо жанашыры Бекет Махмұтовтың құрметіне арналған жүлде және 10 мың АҚШ доллары сыйақысымен марапатталды.

 "Үздік әдіс" номинациясы бойынша Қайрат Мұқановтың құрметіне арналған жүлде Коте Капанадзеге бұйырса, "Жеңіске деген ынтасы үшін" номинациясында Қанат Байшулақовтың құрметіне арналған жүлдемен Жансай Смағұлов, Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметовтың жүлдесімен Кубанычбек Айбекуулы, әлем чемпионы Максим Раковтың жүлдесімен Дастан Жұмажанов  марапатталып, әрқайсысына 5 мың АҚШ доллары сыйақысы тағайындалды.

"Jenys" спорт клубының Қазақстан Дзюдо федерациясымен бірігіп ұйымдастырған бұл жарысы елімізде бірінші рет ұйымдастырылып отыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы