Қазақтың кіл мықты боксшылары жұдырықтасатын бокс кеші өтеді

Қазақтың кіл мықты боксшылары жұдырықтасатын бокс кеші өтеді
Фото: time.kz

15 желтоқсан күні Астанада "IBА Сhampions Night"  атты бокс кеші өтпек. Қазақстанның кіл мықты боксшылары шаршы алаңға шығады. Ал басты жекпе-жекте Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов жұдырықтасады. 

Бокс кешіндегі жекпе-жектер Халықаралық бокс қауымдастығының ережесіне сәйкес, 3 минуттан 6 раундқа жоспарланған. 

Басты жекпе-жекте Данияр Елеусінов Оңтүстік Африка елінің боксшысы Джабулани Макхенсемен (14-2, КО 7) жұдырықтасады. Көптен бері шаршы алаңға шықпаған отандасымызды жанкүйерлер асыға күтіп жүргені анық. Олар 71 кило салмақта қолғап түйістіреді. 

Данияр 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы. Ал кәсіпқой бокстағы жолы 2018 жылы бастады. 2021 жылы жартылай орта салмақта IBO чемпиондық атағын иеленді. Кейіннен атағын қорғамағаны үшін бұл ұйым отандасымыздың белбеуін қайтарып алды. Джабулани Макхенсемен арадағы жекпе-жегі кәсіпқой бокс кездесуі ретінде саналмайды. 

Астанадағы бокс кешінде еліміздің кіл мықты боксшылары бақ сынайды. Қарсыластары да анықталып үлгерген. 

Бокстан ұлттық құрама капитаны, әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов те шаршы алаңға көтеріледі. Ол 71 килоға дейінгі салмақта мексикалық Хосе Мигел Боррегомен (20-4, КО 17) қолғап түйістіреді. 

2019 жылғы әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов (6-0, КО 2) ресейлік Никита Зонмен (7-0-1, КО 5) кездеседі. Ресейлік тағы бір боксшы Павел Федоров (3-0, КО 1) отандасымыз Серік Теміржановқа қарсылас атанды. 

Биыл Ташкентте өткен әлем чемпионатында топ жарған қазақ боксшылары Махмұд Сабырхан мен Санжар Тәшкенбай да шаршы алаңға шығады. Махмұд 57 килоға дейінгі салмақта кубалық Освальдо Диаспен шайқасса, Санжар өзбек боксшысы Нодиржон Мырзаахмедовпен жұдырықтасады. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай