Жүлде қоры – 100 мың доллар! Алматыда дзюдодан клубтар арасында халықаралық турнир өтеді

Жүлде қоры – 100 мың доллар! Алматыда дзюдодан клубтар арасында халықаралық турнир өтеді
Фото: olympic.kz

Алматыда 21 желтоқсан күні тұңғыш рет дзюдодан ерлер арасындағы халықаралық командалық "Jenys Cup" турнирі өтеді, – деп хабарлайды Olympic.kz

Командалық турнир 66 кило, 73 кило, 81 кило, -90 кило, +90 кило салмақ дәрежелеріндегі ерлер арасында өтеді. Бүгінгі күнге дейін жарысқа Қазақстан, Түркия, Франция, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия, Испания елдерінен 17 клуб тіркелген. Жарыс ережесі бойынша әр салмақ дәрежесінде командалар бір-бірімен айналмалы жүйе бойынша кездеседі. 

Қатысушылардың қатарында Олимпиада жүлдегерлері Гурам Тушушвили (Грузия), әлем және Азия чемпиондары Лука Майсурадзе (Грузия), Шалва Гурешидзе (Грузия), Сомон Махмадбеков (Тәжікстан), Басху Йондонпэрэнлэйн (Моңғолия) және әлемдік Grand Slam, халықаралық дәрежедегі турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері Одхюгийн Цэцэнцэнцэнгэль (Моңғолия), Якуб Шамилов (Ресей), Айбек Серікбаев (Қазақстан), Шахрам Ахадов (Өзбекстан), Кубанычбек Айбекуулу (Қырғызстан), Ходжазода Бехруз (Тәжікстан), Карамат Гусейнов (Әзербайжан) бар.

"Jenys Cup" турнирінің жалпы жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайды: 1 орын - 30 мың АҚШ доллары, 2 орын - 20 мың АҚШ доллары, екі 3 орын әрқайсысы 10 мың АҚШ долларын сыйақы алады. Сонымен қатар жарыс барысында үздік дзюдошы, үздік командалық спортшы анықталып, арнайы қаржылай сыйлықтар табысталатын болады. 

Жарыс 21 желтоқсан күні сағат 9:00-де басталады.  

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай