"Ливерпуль" футболшысы 12 күн қарақшылар тұтқынында болған әкесімен қауышты

"Ливерпуль" футболшысы 12 күн қарақшылар тұтқынында болған әкесімен қауышты
Фото: @Selección Colombia

Колумбия ұлттық құрамасы мен "Ливерпуль" командасы шабуылшысы Луис Диас 12 күн бойы қарақшылар тұтқынында болған әкесімен аман-есен қауышты. Бұл туралы Колумбия футбол федерациясы хабарлады. 

Танымал футболшының әкесін Ұлттық азат ету әскері (ELN) деп аталатын топ ұрлап кеткен еді. Оны Колумбия мен Венесуэла елдерінің шекара аумағында тұтқында ұстаған. Не үшін тұтқынға алғанын немесе кепілде ұстағанын футболшының әкесі Ману Диас түсінбеген. Колумбия оларға жақын маңдағы әскерін кері қайтарғаннан кейін ғана тұтқынды босатқан. Бұл топтың адам ұрлаудағы бір себебі болуы мүмкін. 

Мені бір жерден екінші жерге жиі көшірумен болды. Өте қиын жағдай. 12 күн бойы ұйқы көрмедім десем де болады, - деді футболшының әкесі. 

Ману Диас 5 күн бұрын босап шыққан. Луис Диас ағылшын премьер-лигасындағы ойындарға байланысты бірден бара алмады. Колумбия құрамасына шақырту алған футболшыны әкесі мен жақын туыстары күтіп алды. 

Жақын күндері Колумбия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Бразилия және Парагвай құрамаларымен ойнайды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

О. Сансызбай