Футболшылары қашып кететін құрама әлем чемпионаты іріктеуіне қатысудан бас тартты

Футболшылары қашып кететін құрама әлем чемпионаты іріктеуіне қатысудан бас тартты
Фото: ©twitter.com/eritreafootball

Эритрея футбол федерациясы 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеуіне қатысудан бас тартты. Олар команда ойыншылары шетелге шыққанда қашып кете ме деп қауіптенеді, - деп жазады The Guardian басылымы. 

Құрама футболшылары алғашқы екі ойынға 3 айдан бері дайындық жұмыстарын жүргізген. Алайда қазан айының соңында олардың іріктеуге қатыспайтыны айтылған. 

Басылым ақпараты бойынша Эритрея ұлттық құрамасы ойыншылары шетелге шығып, сонда қалып қоюы мүмкін. Көбі саяси баспана сұрайтын да көрінеді. Себебі 2009 жылдан бергі аралықта 60 футболшы Эритреяға қайтпай, барған елінде қалып қойған. Сондай-ақ 2019 жылы құрама өз тарихында алғаш рет Угандада өткен CESAFA кубогы финалына шығып, финалда жеңіліс тапты. Сол жарыстан кейін 7 бірдей эритреялық футболшы із-түзсіз жоғалып кеткен. 

2009 жылдың желтоқсан айында Кенияда өткен Шығыс және Орталық Африка кубогы ойындарының ширек финалынан кейін команда толық құрамда ізім-ғайым болған. Еліне бас жаттықтырушы мен құраманың күзетшісі ғана оралған. Кейіннен футболшылар Кения елінен босқын ретінде саяси баспана сұраған. 

Эритрея ұлттық құрамасы 2020 жылдан бері халықаралық ойындарға қатысып жатқан жоқ. Сондықтан FIFA рейтингінде де жоқ. Жоғарыда айта кеткен оқиғаларға байланысты бұл ел 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеуіне де қатысудан бас тартып отыр.

Эритрея Африканың солтүстік шығысында орналасқан мемлекет. Тұрғындарының көпшілігі ислам және христиан діндерін, аз ғана бөлігі дәстүрлі наным-сенімдерін ұстанады. Халқының саны 5 миллионға жуықтайды. Ресми тілі – тигран және араб тілдері. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

О. Сансызбай