Аустралиямен матчта Юлия Путинцева таразы басын теңестірді

Аустралиямен матчта Юлия Путинцева таразы басын теңестірді
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Испанияның Севилья қаласында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде Аустралиямен матчта әлемнің 69-ракеткасы Юлия Путинцева таразы басын теңестірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 113-орында тұрған Кимберли Биррелмен бәсекеде Ю.Путинцева бірінші сетте қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Екінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Биррел брейк жасап кетті – 5:4. Бірақ Юлия бұдан кейін қатарынан үш геймді өз есебіне жазды – 7:5.

Осылайша, Қазақстан – Аустралия матчында есеп теңесті – 1:1. Енді матч тағдыры жұптық сындағы ойында шешіледі.

Бастапқы ойында дүниежүзілік рейтингте 814-орында тұрған Анна Данилина әлемнің 172-ракеткасы Сторм Хантермен шеберлік байқасты.

Негізінен жұптық сында өнер көрсететін Данилина екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде 6:7 (2:7), 4:6 есебімен есе жіберді.

Қазақстан теннис федерациясының демеушілері - "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" акционерлік қоғамы және Sport Qory спортты қолдау қоры

BeeHome+ қосыңыз. Басты теннис трансляцияларын жіберіп алмаңыз!

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан