Қазақстанның кіл мықты боксшылары қатысатын спартакиада өтеді

Қазақстанның кіл мықты боксшылары қатысатын спартакиада өтеді
Фото: @boxingkazakhstan

Бокстан Астана қаласында 4 жылда бір рет өтетін ерлер арасындағы Спартакиада турнирі ұйымдастырылады. Бәсеке "Beeline Arena" спорт кешенінде 13-19 қараша аралығына жоспарланған.

Жарысқа Қазақстанның кіл мықты боксшылары қатысады. Олардың қатарында әлем чемпиондары Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай, Бекзат Нұрдәулетов бар. Еліміздің барлық өңірінен 250-ден астам былғары қолғап шеберлері сынға түсетін болады. 

Турнир жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды.

Жекпе-жек олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. 13 салмақ дәрежесі (46-48 келі, 51 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63,5 келі, 67 келі, 71 келі, 75 келі, 80 келі, 86 келі, 92 келі, +92 келі) бойынша жеңімпазды анықтайды.

Бокс бәсекесінің барлық жекпе-жектерін күндізгі 12:00-ден бастап, "Qazsport" телеарнасы тікелей эфирде көрсететін болады. Финалдық жекпе-жектердің жеңімпаздары 19 қарашада анықталады.

Жанкүйерлер үшін кіру тегін.

Айта кетсек, бұған дейін Спартакиаданы 2019 жылы Қызылорда қаласы қабылдаған еді. Ал биылғы жарыс бастапқыда Семейде өтеді деп жоспарланған. Кейіннен Астанаға ауыстырылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай