Қазақстандық жасөспірім теннисшілер әлем чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Қазақстандық жасөспірім теннисшілер әлем чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Испанияның Кордова қаласында 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Davis Cup Juniors Finals турнирінде Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Командалық әлем чемпионатында Сергей Квактың шәкірттері Оңтүстік Корея командасымен шеберлік байқасты.

Оңтүстіккореялықтар бір күн бұрын жасөспірімдер Дэвис кубогінің алты дүркін жеңімпазы Испанияны ұтқан болатын. Оның үстіне қазақстандықтар Шымкент қаласында өткен әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің жартылай финалында осы оңтүстіккореялықтарға есе жіберген еді.

Бірінші болып Заңғар Нұрланұлы (331 ITF Juniors ranking) Ким Му Бинмен (285 ITF Juniors ranking) кортқа шықты. Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке Ким Мудың пайдасына аяқталды – 6:4, 4:6, 6:7 (3:7).

Екінші ойында Әмір Омарханов (99 ITF Juniors ranking) жасөспірімдер арасында әлемнің 68-ракеткасы Хван Дон Хёнді айқын жеңді – 6:2, 6:2.

Шешуші, жұптық сында Дамир Жалғасбай мен Әмір Омарханов 46 минутта Ким Му Бин – Чон Ён Судан айлаларын асырды – 6:3, 6:2.

Осылайша, D тобында әр команданың қоржынында 3 ұпайдан бар. Сейсенбі күні Испания Италиядан басым түсті.

Бүгін Қазақстан құрамасы Испаниямен ойнайды.

Қазақстан жастар құрамасының демеушілері - "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" акционерлік қоғамы және Sport Qory спортты қолдау қоры.

О. Сансызбай