Қазақстан футзалдан ӘЧ іріктеу кезеңіндегі төртінші кездесуінде жеңіске жетті

Футзалдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатына іріктеудің элиталық кезеңінде төртінші жеңісіне қол жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан құрамасы Астанада Әзербайжан құрамасымен өткен матчта камбэк жасады. Бірінші таймда Әзербайжан командасынан Амадеу (4-минут) пен Галло (8-минут) гол соқты.

Дегенмен Рикардо Кака шәкірттері үзіліске дейін есепті теңестіріп үлгерді. Әуелі 13-минутта Лео алғашқы голды соғып, есепті жаңартса, 18-минутта Біржан Оразов оны теңестірді.

Қазақстандықтарға жеңісті 22-минутта Дуглас Джуниордың соққан голы сыйлады.

Қазір Қазақстан құрамасы төрт кездесуде жеңіске жетіп, 12 ұпаймен "А" тобында көш бастады.

Айта кетейік, әлем чемпионатының финалдық турнирі 2024 жылғы 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанда өтеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!