Бейбіт Жұқаев пен Михаил Кукушкин Шанхайдағы турнирдің екінші айналымына жолдама алды

Бейбіт Жұқаев пен Михаил Кукушкин Шанхай мастерс жарысының екінші айналымына жолдама алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлемнің 302-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Шанхай (Қытай) мастерс турнирінің екінші айналымына жолдама алды.

Бұл — Ақтау теннис мектебінің түлегі, 22 жастағы Бейбіт Жұқаевтың өз спорт жолындағы алғашқы мастерс жарысы еді.

Іріктеу сайысынан кейін негізгі жарысқа өткен Бейбіт бірінші айналымда әлемнің 252-ракеткасы, италиялық Стефано Наполитаномен кортқа шықты. Қазақстандық теннисші 7:5, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Бейбіт Жұқаев үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Карен Хачановпен кездеседі.

Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған, дүниежүзілік рейтингіде 245-орында Михаил Кукушкин алғашқы кездесуін әлемнің 81-ракеткасы, франциялық Александр Мюллермен сәтті өткізді.

Бірінші партияда тай-брейкте франциялық спортшы 7:6 (8:6) есебімен басым түсті. Дегенмен содан кейін Кукушкин ойын тізгінін өз қолына ала білді – 6:3, 6:2.

Михаил Кукушкин екінші айналымда әлемнің 33-ракеткасы, ұлыбританиялық Дэниел Эванспен шеберлік байқасады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!