Қазақстан грек-рим күресінен алғашқы Олимпиада жолдамасын еншіледі

Қазақстан грек-рим күресінен алғашқы Олимпиада жолдамасын еншіледі
Фото: kazsports.kz

Күрес түрлерінен Белградтағы әлем чемпионаты аяқталды. Жарыстың соңғы күні боз кілемге шыққан грек-рим күресі шебері Нұрсұлтан Тұрсынов Париж Олимпиадасы жолдамасына ие болды. 

87 килоға дейінгі салмақта Нұрсұлтан әзербайжандық балуан Ислам Аббасовты мерзімінен бұрын жығып, Париж Олимпиадасының жолдамасына иелік етті.

Сәл ертеректе Ұлттық құрама спортшысы қола медаль үшін күресте 2 дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының жеңімпазы Жан Беленюкке (Украина) 2-7 есебімен жол берді.

«Осы әлем чемпионатында үздік үштікке кірем деген жоспар болып еді. Өкінішке қарай, сәл жетпей қалды. Білмедім. Кішкене бағым жанбай қалды ма?.. Чемпионатқа толық бабымда келдім деп айта алмаймын. Осал жерлерім болды. Әлі тыңғылықты жаттығып, дайындалу керегін осында түсіндім. Беленюкпен болған белдесуде партерде әдіс жасауға мүмкіндік беріп қойдым. Қазір осал жерім сол болып тұр. Жасыратыны жоқ, біздің командада ондай әдісті ешкім жасамайды»,-деп пікір білдірді Алмат Спортты дамыту дирекциясының Баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Нұрсұлтан кеше алғашқы айқасында Мирко Мингуцциды (Италия), Парк Санхёкты (Оңүстік Корея), ал ширек финалда 3 дүркін Азия чемпионы Насыр Ализадені (Иран) жеңген. Алайда аса тартысты жартылай финалда былтырғы қолаcын биыл алтынға айырбастаған Әли Дженгизге (Түркия) есе жіберді.

Еске сала кетейік, 32 жастағы Нұрсұлтан Тұрсынов Токио Олимпиадасына 2021 жылы Азия құрлығындағы іріктеу турнирінде жолдама алып барған.

Қорыта айтар болсақ, Қазақстан құрамасы Белградағы бәсекеде 1 алтын, 2 қола медаль және 2 Олимпиада лицензиясына қол жеткізді. Бұл Ұлттық құрама палуандары үшін тарихи нәтиже. Ризабек Айтмұхан (92 кг) еркін күрестен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ палуаны атанды. Азамат Дәулетбеков қола жүлдемен қатар олимпия ойындарының жолдамасын қоса алса, Жәмилә Бақбергенова үшінші жыл қатарынан тұғыр сатысына көтерілді.

Белградтағы әлем чемпионатында барлығы 31 мемлекет (бұл қатарда бейтарап атлеттер ретінде қатысқан Ресей палуандары мен UWW туының астында өнер көрсеткен Үндістан бар) медаль алды. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 қоламен 12-орынға тұрақтады. Ал Қазақстан күрес федерациясы Париж ойындарының жолдамасын алған 35 Ұлттық Олимпиада комитетінің қатарында.

Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның жұрт біле бермейтін қырлары

Айта кетейік, Олимпиаданың жолдамасы жекелеген спортшыға емес, UWW-ға мүше Ұлттық федерацияларға беріледі. Париж төрінде тура Токиодағыдай әр салмақта таңдаулы 16 балуаннан жүлдеге таласады. Барлығы Олимпиада бағдарламасына 18 салмақ кіреді. Сербияда барлығы 90 лицензия берілді. Қалғаны келесі жылы таратылады.

О. Сансызбай