Елена Рыбакина WTA-ны "клоун" мен "циркке" теңеді

Елена Рыбакина WTA-ны "клоун" мен "циркке" теңеді
Фото: usopen.org

Қазақстанның бірінші, әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакина Токиодағы (Жапония) турнирдің жеребесіне разы емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

Ұйымдастырушылардың шешімі бойынша Елена Рыбакина бірінші раундта ойнайтын болды, ал Ига Швентек (әлемнің 2-ракеткасы), Джессика Пегула (4), Мария Саккари (6) және Каролин Гарсия (10) сияқты теннисшілер бірден екінші кезеңнен бастайды. Бұған қоса, Елена Рыбакина Ига Швентекпен бір сеткаға түскен, теннисшілер ширек финалдық матчтың өзінде кездесуі мүмкін.

Рыбакина Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) бұл шешімді сынап, Instagram-дағы сторисінде бөлісті.

"Соңғы сәтте ережені өзгерткендеріңізге рақмет.

Әдеттегідей, WTA-ның тамаша шешімі", - деп жазды ол.

Теннисші бұл жазбасына клоун мен цирктің эмодзиін де қосқан.

Айта кетейік, турнирдің бірінші айналымында 24 жастағы Рыбакина 18 жастағы чехиялық теннисші Линда Носковамен (әлемнің 41-ракеткасы) ойнайды.

Турнирдің бірінші кезеңі 25 қыркүйекте басталады. Турнирдің жалпы жүлде қоры - 780,6 мың доллар (369,6 миллион теңге).

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан