Батыр Жүкембаев нокдаун алған жекпе-жегін жеңіспен аяқтады

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев (20-1, 16 КО) АҚШ-ғы екінші жекпе-жегін өткізді. Плант-Ситиде (АҚШ, Флорида штаты) өткен бокс кешінде отандасымыз аргентиналық боксшы Уто Альберто Ролданнан (22-1-1, 7 КО) басым болды. 

Бірінші жартылай орта салмақта өткен жекпе-жек Батыр үшін оңай болған жоқ. Бірінші раундта төреші есеп ашып, отандасымыз нокдаун алды. Жекпе-жекті жалғастырып, кейінгі раундтарда ширақ шабуыл, мығым қорғаныс, жойқын соққыларымен ерекшеленді. Қарсыласының мысын басып, мықтылығын мойындата білді. Нәтижесінде жекпе-жек жоспарланған 10 раундқа созылып, төрешілер 96-93, 95-94, 97-92 есебімен Батырды жеңімпаз деп таныды. 

Жекпе-жекте Батыр Жүкембаев WBA NABA (Солтүстік Америка чемпионы) чемпиондық атағын жеңіп алды. 

Қазақстандық боксшы кәсіпқой мансабындағы 21-ші жеңісіне қол жеткізді. Ролдан болса екінші рет жеңілістің кермек дәмін татты. 

Бұл Батыр Жүкембаевтың АҚШ-ғы екінші жекпе-жегі. Бірінші жұдырықтасуында 2021 жылы пуэрто-рикалық Сабриэль Матиастан жеңіліп қалған болатын. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!