Алмат Кебіспаевқа қатысты іс: балуан өз пікірін білдірді

Грек-рим күресінен ұлттық құрама мүшесі Алмат Кебіспаев сауда үйінде болған оқиғаға қатысты пікірін білдірді, - деп хабарлайды Tengrisport.kz

Сауда үйіндегі дау-жанжал 6 қыркүйек күні болған. Ойын алаңындағы балалар арасында келіспеушілік туындаған. Алдымен бір әйел келіп, кішкентайларының тәртібін бақылауды сұраса, артынан екі жігіт келген. Бірі оны балалардың көзінше бетінен ұрып құлатқан. Жәбірленуші полицияға шағым жазған. Олар бұл істің тіркелгенін хабарлады. Ал Алматтың нұсқасы қандай?

6 қыркүйек күні ұлым 5 жасқа толды. Соның құрметіне Тимирязев көшесіндегі "Атакент молл" сауда үйінің "Джунгли парк" ойын алаңына бардық. Балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлағымыз келді. Балалардың жартысы ойын алаңында, жартысы жанымызда жүрді. Үлкен қызыммен (9 жаста) болған оқиға кезде кішісімен кафеде едім. Әйелім Айжан үлкен қызым Айсананы менің жанымда отырсын деп әкеліп тастады. Менің оның жылағанын көріп, не болғанын сұрадым. Ол екі бала доппен ұрғанын, олардан әрең құтылғанын жылап тұрып айтып берді. Оны естігеннен кейін олармен сөйлесуге бардым. Осы сәтте бізге қарай бір топ адам келе жатқанын көрдім. Көз алдымда бір әйел шырылдап, мүмкіндігі шектеулі қызын ана балалардың ұрғанын, интимдік жерін ұстағанын айтып жылап тұрды. Менің де қызым солай жылап келген, естіген соң шамыма тиді, - дейді балуан. 

Алмат балалардың әкесі кешірім сұрар деп күткенін айтады.

Олар бұл жай ғана ойын ғой деп есікке беттеді. Мен тоқтай тұр дегеніме дөрекі жауап қатып, алдында жылап тұрған қыздардан кешірім де сұрамады. Мен мәдениетті түрде олардың кешірім сұрап, жағдайды тұрақтандыруын күттім, олар керісінше жасады, сондықтан шыдай алмай бетінен екі рет ұрып жібердім. Одан кейін сөйлесу мүмкін болған жоқ. Жәбір көрген қыздың анасы полиция шақырды. Полиция бөлімінде мен оларға қол алысып, бейбіт күйде тарқасайық деп ұсыныс айттым. Керісінше әйелі беделді ағасымен қорқытпақшы болды, - дейді Алмат Кебіспаев. 

Алмат Кебіспаев қазіргі таңда Белградтағы әлем чемпионатында. Алдағы күндері 67 килоға дейінгі салмақта боз кілемге шығатын болады. Ал сауда үйіндегі оқиғадан кейін оның әлеуметтік желідегі парақшасына қаралап жазған желі қолданушыларының саны артқан. 

Бұған дейін дәл осындай оқиға Астанада кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовтің қатысуымен де болған. Ол кезде де спортшы балалар арасындағы дау кезінде жәбірленушіні соққыға жыққан болатын. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!