Азия ойындарында шахматтан ел намысын кімдер қорғайды?

Азия ойындарында шахматтан ел намысын кімдер қорғайды?
Фото: kazsports.kz

23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарында шахматтан Ұлттық құрама сапында 10 ойыншы сынға түседі, – деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Сары құрлық жарысында жекелей сында рапид, командалықта классикалық шахматтан мықтылар анықталады.

Жекелейде Ринат Жұмабаев, Қазыбек Нөгербек (ерлер), Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева (әйелдер арасында) жүлдеге таласады. Ал командалар арасындағы бәсекеде Əлішер Сүлейменов, Рамазан Жалмаханов, Алдияр Аңсат, Ринат Жұмабаев пен Қазыбек Нөгербек; сондай-ақ Динара Садуақасова, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова, Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік өнер көрсетеді.

Жалпы Азия ойындары бағдарламасына шахмат 2006 жылы Дохадағы бәсекеде кірген. Блиц түрінен Мұртас Қажығалиев чемпион атанса, аралас командалық сында Дәрмен Сәдуақасов Дана Акетаевамен бірге жүлдеге бір табан жетпей тоқтаған.

Араға 4 жыл салып, Гуанчжоу қаласында (Қытай) Мұртас Қажығалиев 4-сатыдан көрінсе, Гүлісхан Нахбаева 15-орынға табан тіреген. Биыл шахматтан 3-рет Азия ойындарында жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

Айта кетейік, шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы жақында ғана Польшаның Быдгош қаласында өткен командалық әлем чемпионатында 2-орын иеленіп қайтты

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай