Конференция лигасы. "Астана" ұтып, "Тобыл" есе жіберді

Конференция лигасы. "Астана" ұтып, "Тобыл" есе жіберді
Фото: Астана ФК, Тобыл ФК

Футболдан Конференция лигасының плей-офф кезеңіндегі бірінші ойындар аяқталды. "Астана" өз алаңында Албанияның "Партизани" клубын ұтса, "Тобыл" Қостанайда Чехияның "Виктория Пльзень" командасына жол берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Астана Аренада" өткен ойында Григорий Бабаян шәкірттері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жеңіс сыйлаған голды 41 минутта Степан Лончар соқты. Сондай-ақ Абат Айымбетов пен Марин Томасов соққан екі бірдей гол есепке алынбады. Төреші видеоқайталаудан кейін нәтижелерді тіркеген жоқ. 

"Астана" мен "Партизани" арасындағы қарымта ойын 1 қыркүйек күні "Эльбасан Аренада" өтеді. 

"Тобыл" өз алаңында Чехияның "Виктория Пльзень" командасына есе жіберді. Бірінші ойында қонақтар 1:2 есебімен жеңіске жетті. Чех командасы сапында Каду және Лукаш Калвах гол соқса, "Тобылдың" бір голын ойын соңында Серж Дебле өз еншісіне жазды. 

Екі команда арасындағы қарымта кездесу 31 тамыз күні Чехияда өтеді.  

Айта кетейік, Түркияның "Бешикташ" клубына жақында ғана ауысып барған Бахтиер Зайнутдинов жаңа командасы сапындағы бірінші ойында жеңіс голын соқты. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

О. Сансызбай