Қазақстан құрамасының экс капитаны 50 жекпе-жекке шыққан никарагуалықпен айқасады

Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Абылайхан Жүсіпов (2-0, 1 КО) 26 тамызда никарагуалық Уистон Кампоспен (33-11-6, 19 КО) жекпе-жекке шығады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Suleimen Promotions мәліметінше, Абылайхан Top Rank on ESPN АҚШ-тың Талса қаласында ұйымдастыратын бокс кешінің андеркардында рингке шығады. 

Сегіз раундтық жекпе-жектегі Жүсіповтің қарсыласы айтарлықтай тәжірибелі - ол өзбекстандық проспект Шахрам Гиясов және британиялық Джош Тейлормен жұдырықтасқан. Дегенмен екеуінде де жеңілген. Ал жалпы ол карьерасында 50 айқасқа шығыпты, оның отыз үшінде жеңіске жеткен - он тоғызы нокаутпен. Сонымен бірге, ол он бір рет жеңіліске ұшырап, алты рет тең түскен екен. 

31 жастағы боксшы карьерасын 2010 жылы бастапты. Осы уақытқа дейін АҚШ, Ұлыбритания, Котста-Рика және Мексика жерінде өнер көрсеткен. Дегенмен айқастарының басым бөлігін отанында өткізген. Жартылай орта салмақ рейтингінде ол отанында алтыншы, ал әлемдік рейтингте 322-орында екен. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!