Денис Евсеев тағы да Президент кубогының финалында ойнайды

Қазақстандық, әлемнің 412-ракеткасы, 30 жастағы Денис Евсеев елордада Президент кубогы үшін өтіп жатқан челленджер турнирінің финалына жолдама алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда рейтингіде 357-орында тұрған 22 жастағы түркиялық Янки Эрельмен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда Денис 3:1 есебімен алға кеткенімен, түркиялық спортшы таразы басын теңестірді. Дегенмен есеп 4:4 болған мезетте Евсеев тағы бір брейк жасап, сетті аяқтады – 6:4.

Екінші сет барысында қазақстандық спортшы екі рет брейк жасап, есепті 5:2-ге жеткізді. Бірақ матчқа доп бергенде, нүкте қоя алмады. Тек екінші мүмкіндігін пайдалана алды – 6:4.

Осылайша, қазақстандық спортшы Президент кубогы үшін додада екінші рет финалға жолдама алды.

Денис Евсеев бас жүлде үшін рейтингте 550-сатыдағы өзбекстандық Хумаюн Сұлтановпен кездеседі. Ол әлемнің 570-ракеткасы, ресейлік Евгений Карловскийді оңай ұтты – 6:3, 6:1.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!