290 мың теңгелік курс: волейболшы Сабина Алтынбекованың басы дауға қалды

290 мың теңгелік курс: волейболшы Сабина Алтынбекованың басы дауға қалды
Фото: instagram.com/altynbekova_20

Танымал волейболшы Сабина Алтынбекованың басы дауға қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Спортшы жақында тәлімгерлік курстарын ашқан еді. Алайда тәлім алғандар курсқа көңілі толмай, наразылық танытып, ақшасын қайтаруын сұраған. 

Telegram-арналардың бірінде волейболшының курсына қатысты ақпарат тарады. 

Арна мәліметінше, курс құны - 290 мың теңге. Курсқа жазылғандардың бірі ойынан айнып, қаражатты қайтаруын сұрағанда Алтынбекованың менеджері ақшаның қайтарылмайтынын алға тартқан. 

"Әлемдегі ең әдемі волейболшы естеріңізде ме? Ол 290 мың теңгелік тәлімгерлік курстарын ашып, студенттер жинап алды. Кейбірі курсты несие арқылы, кейбірі Каспи арқылы төледі. Бірақ барлық қыздың білім сапасына көңілі толмады. Кейбірі 290 мың теңгеге көбірек білім беру керек еді деп есептейді. Олар өз ойын көпшілік алдында, жалпы чаттарда айтты. Кейін наразылық білдіргендерді чаттардан шығарып жіберді. Енді тәлімгерден көңілдері қалған олар ақшаларын қайтаруды сұрайды, бірақ Алтынбекова қайтарғысы келмейді", - деді курсты сатып алғандардың бірі. 

Кейін бұл мәселеге қатысты волейболшының менеджері жауап берді. 

"Иә, шынында да, біз басқа продюсерлермен бірге биыл маусым онлайн курс аштық. Көбі курсты бөліп төлеу арқылы сатып алды. Орындаушы қызмет көрсетті, яғни сабақтарға толық қолжетімділікті қамтамасыз етті, кураторлармен чатқа қосты, кері байланыс үшін тәлімгерлермен топтық қоңыраулар да ұйымдастырылып жатыр. Оқыту Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

Кез келген курста қызметке көңілі толмайтын студенттер бар. Біздің курста барлық сабақты алған бірнеше студент бар, олар оқуды бастаған кезде ғана, бірінші кіріспе модульдерді көргеннен кейін бүкіл курсқа субъектив баға береді. Оқу материалдарына толық қолжетімділік берілді, қызмет көрсетілді деп есептеледі. Қызметтің көрсетілгені туралы тиіс растамалар бар, сондықтан курс ақысы қайтарылмайды. Шынында да, куратордың ескертулерінен кейін қызметтерді алу кезінде тәртіп ережелерін бұзған студенттер курс чатынан шығарылды, бірақ олар үшін сабақтар қолжетімді болып қалды", - делінген хабарламада.

Kozachkov offside Telegram-арнасынан 

Сабина Алтынбекова Instagram Stories-інде курстың сапасына көңілі толып, курсты жалғастырып жатқандардың пікірін бөлісті. 

Еске салайық, Сабина Алтынбекова әлемдегі ең бай волейболшы қыздар тізіміне енді.

Түркияның Milliyet сайтында әлемдегі ең бай волейболшы қыздардың тізімі жарияланды. Бұл қатарда қазақстандық Сабина Алтынбекова да бар.

Интернет-басылым ең бай 20 волейболшының рейтингін түзген. Отандасымыз Сабина Алтынбекова 11-орында тұр. Байлығын 4,7 миллион доллар деп бағамдаған. Тізім клубтық деңгейдегі табысы, демеушілер қолдауы мен жылжымайтын мүлікке салған инвестициясы негізінде түзілген. 

Сабина Алтынбекова БАӘ-нің "Аль-Васл" клубында ойнайды. Жуырда ғана аталған елдің ұлттық чемпионатында жеңімпаз атанды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек