Қазақстанға танымал боксшы Мэнни Пакьяо келуі мүмкін

Филиппиндік танымал боксшы Мэнни Пакьяо Қазақстанға келуі мүмкін. Бұл туралы "Kazakh Tourism ҰК" АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев айтты. 

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Шри-Ланка Демократиялық Республикасының елшісі Жанита Лиянге және Филиппин Республикасының елшісі Игорь Байленмен кездесті.

Кездесу "Kazakh Tourism ҰК" АҚ кеңсесінде өтті, Ержан Еркінбаев елшілермен туризм, спорт және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Сондай-ақ кездесу аясында "Kazakh Tourism ҰК" АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев шетелдік дипломаттарға Қазақстанның туристік әлеуеті және елдегі осы саланың негізгі даму үрдістері туралы айтып берді.

Елші Байлен әлемге әйгілі кәсіби боксшы Мэнни Пакьяоның Қазақстанға келу мәселесін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, Байлен мырза жақын арада Қазақстанның барлық өңірлеріне, оның ішінде Алматыға барып, еліміздің мәдениетімен танысып, алып шаһардың туристік әлеуетін зерделеуге ниет білдірді.