"Севилья" Еуропа лигасын 7-рет жеңіп алды

Футболдан Еуропа лигасын Испания "Севилья" клубы жеңіп алды. Нәтижесінде жарыстағы жеке рекордын жаңартып, 7-рет чемпиондық атаққа қол жеткізді. 

Испандық клуб финалда Италияның "Рома" командасымен ойнады. Будапешттегі "Пушкаш Арена" стадионында өткен ойынның негізгі уақытында 1:1 есебімен тең түсті. 35-минутта Пауло Дибала римдіктерді алға шығарған, алайда екінші тайм басында команда капитаны Джанлука Манчини өз қақпасына гол соғып алды. 

Қосымша уақытта да командалар өзара мықтыны анықтай алмады. Ал ойын соңындағы пенальти сериясында "Севилья" басым шықты. "Рома" командасы қатарынан Джанлука Манчини мен Рожер Ибаньес пенальти тебуде мүлт кетті. 

"Романың" бас жаттықтырушысы Жозе Моуринью алғаш рет финалда қарсыластарына жол берді. Бұған дейін шыққан бес финалында да жеңіске жеткен маман еді.