Жеңіл салмақта Олимпиадаға кім барады? – Бас жаттықтырушы жауабы

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Ташкенттегі әлем чемпионатын сәтті өткізді. Келер жылы қазақ боксшыларын Париж Олимпиадасы күтіп тұр. Жеңіл салмақта кім баратыны қазірдің өзінде жанкүйерлерді қызықтырып отырғаны белгілі. Бұған құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов Qazaqstan ұлттық арнасының эфирінде жауап берді.

Ол бұрын да, қазір де, кейін де жаттықтырушылар мойнындағы жауапкершілік. Сол себепті таңдау, іріктеу әділ өтеді. Мұнда елдің мүддесі тұр. Жеңіл салмақта әркімнің өз салмағы бар. Бір салмақтан бір салмаққа өтіп, топ жару миллионнан біреу. Бізде бәсекелестік бар. Соның арқасында Санжар әлем чемпионы атанып отыр. Ал 51-ге қашан өтеді? Оны уақыт шешеді, екінші ринг шешеді. Оған енді асықпасын. Салмақ қуу да оңай емес. Салмақ ауыстырып игеріп кету де оңай емес, - деді бас жаттықтырушы.

Айта кетейік, Олимпиадада 51 кило салмақ дәрежесі бар. Ташкентте бұл салмақта Сәкен Бибосынов барып, жүлдеге ілікпеді. Есесіне, 48 бен 54 килода қазақ боксшылары Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан топ жарды. Байқасақ салмақ алшақтық алыс емес. Парижде кімге үміт артамыз?